Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2 маусым күні шамамен сағат 22.30-да жаңа көпір маңындағы Подстепный-Меловые горки айналма жолында болды.
Жүргізуші «Лада Калинамен» қарсы бетке шығып кетіп, «КамАЗ» жүк көлігінің бүйіріне соғылған. Содан кейін тоқтай алмай, «DAF XF440» жүк көлігімен бетпе-бет түйіскен.
- Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сол көлікте отырған ер адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Ол 3 маусым күні есін жимастан қайтыс болды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, аталған ауруханада жеңіл көлік жолаушысына ота жасалғанымен, бүгін таңда көз жұмды,-деп жазады kaz.inform.kz.