$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Елімізде 300 мың гектар мал азығы үшін суармалы жерге айналдырылмақ

AstanaTV
04.06.2025ж. 09:00
229
Елімізде 300 мың гектар мал азығы үшін суармалы жерге айналдырылмақ

Kazakh Invest ҰК Басқарма төрағасы Ержан Елекеев пен "Харвест Агро Холдинг" cеріктестігінің директоры Дәулет Увашев Қазақстанда ауқымды агроиндустриялық кластер құру жөніндегі жобаны іске асыру туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Жоба жер асты сулары мен заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, жайылымдық және шалғайдағы жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба Жамбыл, Алматы, Жетісу, Түркістан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 500 млн доллар болатын 150 мың гектарды игеру және өңірлерде 1050 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Дайындалған жерлерде инвестор экспорттық және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді жоспарлап отыр. Ең алдымен жүгері мен майбұршақ өсіруге басымдық беріледі.

Жобаның негізгі іс-шаралары – бұрғылау, гидрогеологиялық, геофизикалық және топографиялық-геодезиялық жұмыстарды атқару, инженерлік-геологиялық және агрохимиялық барлау жүргізу, суару және су алу жүйелерін жобалау және монтаждау, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, жерді агроөнеркәсіпке даярлау және ауыл шаруашылығы өндірісін іске қосу.

"Харвест Агро Холдинг" серіктестігінің директоры Дәулет Увашев атап өткендей, жоба тұрақты аграрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған және 2030 жылға қарай суармалы жерлердің ауданын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту мақсатына қол жеткізуге үлес қосады.