$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Түркияның бір қаласы түгелімен су астында қалды

AstanaTV
04.06.2025ж. 12:00
118
Түркияның бір қаласы түгелімен су астында қалды

Түркияның Трабзон қаласында түнгі уақытта толассыз жауған жауын салдарынан табиғи апат орын алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қатты жауған жаңбыр салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, бірнеше аудан су астында қалды. Ондаған тұрғын үй мен кәсіпорынды су басып, жол инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келді. Қаланың Беширли мен Молоз аудандары ең көп зардап шеккен аумақтар ретінде тіркеліп отыр. Су тасқыны бизнес орталықтары мен мектептерге, ауруханалар мен автотұрақтарға дейін жетіп, олардың жертөле қабаттарын толығымен су алып кеткен.

Фатих ауруханасы мен стоматологиялық клиниканың жертөлелері де су астында қалғаны хабарланды. Оқиға салдарына байланысты жедел жәрдем қызметіне 278 қоңырау түскен, олардың 267-сі Ортакхисар ауданынан тіркелген. Акчаабат ауданында 72 жастағы Хюсеин Айдын есімді ер адам жоғалып, іздестіру жұмыстары басталып кетті.

Апаттың салдарын жою үшін 460-тан астам төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық құрылым мамандары жұмылдырылды. Оқиға орнында 16 автоцистерна, 20 кәріз жуатын техника, 24 арнайы техника және 50 түрлі көлік жұмыс істеуде. Қалалық әкімшіліктің мәліметінше, бұл табиғи апат шектеулі аумақта өте қарқынды жауған нөсер жауынның салдарынан туындаған. Ортакхисар мэрі Ахмет Кая бұл жағдайды нағыз табиғи апат деп атап, барлығы 44 ауданнан су тасқыны мен инфрақұрылымның бұзылуы жөнінде хабар түскенін жеткізді. Тіреу қабырғалар құлап, жолдар жабылып, тұрғындар мен кәсіпкерлер ауыр жағдайға тап болды.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Мугла провинциясында магнитудасы 5,8 болатын жер сілкінісі тіркеліп, бір адам қаза тауып, бірнеше тұрғын зардап шеккен болатын. Бұл жағдай елдегі табиғи апаттар қатарының жиілегенін көрсетіп отыр.