Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен, Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Балаңа уақыт арна» акциясы аясындағы «Ақылды бала» іс-шарасы өтті. Ата-аналар мен балалар арасындағы терең рухани байланыстардың қуатты болуын қамтуға арналған іс-шараның өтуіне партияның облыстық филиалы төрағасының Әйелдер қанаты бойынша кеңесшісі, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева мұрындық болды,-деп хабарлайды Astana TV.
«Отбасы – қоғамның тірегі. Ата-аналардың балалармен уақыт өткізуіне себебші болу, ең жақын адамдар арасында ортақ қызығушылықтарды арттыру, оларды өмірдің жарқын сәттерінде әрдайым бірге болуға ынталандыру, жас өскінді жасампаздық рухта тәрбиелеу – баршамыз атқаруымыз керек қастерлі міндет. Отан – отбасыдан басталады. Бүгін Отаншыл азаматтардың мерекесі. Мемлекеттік рәміздер – ұлт болып ұйысуымыздың басты белгілері. Қазақстан – бәрімізге ортақ қасиетті шаңырақ. Көк Туымыз – ашық аспанымыздың кепілі. Елтаңбамыз – тарих пен дәстүр сабақтастығының символы. Гимніміз – асқақ елдік пен ерліктің нышаны. Мемлекетіміздің ұстыны болып табылатын рәміздерге деген қадір-құрметімз – отбасыдан басталады», - деп атап өтті Қалыйма Жантөреқызы.
Мерекелік іс-шарада Түркістан қалалық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова сөз алып, балалар мен олардың ата-аналарын Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады. Отбасы тәрбиесінің маңыздылығы айтылды, баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтау, жас буынды білім мен шығармашылыққа баулу, оларды еңбек құндылықтарына тәрбиелеу – ата-ана мен қоғамның ең басты парызы деп байыпталды.
Іс-шараға қатысқан 60-қа жуық балалар мен олардың ата-аналары шығармашылық үйірмелер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Мүсін және керамика үйірмесінде балалар «Елтаңба ізімен» тақырыбы бойынша саздан Елтаңба үлгілерін және ою-өрнекті медальондар жасап шығарды. Сурет үйірмесінде балақайлар «Менің Туым – менің мақтанышым!» тақырыбында Мемлекет Туды шығармашылығына арқау етті. «Туған елге – өз қолыңмен сый» тақырыптық аппликациялар, қағаздан шағын Ту мен Елтаңбаны балалар «Шебер қолдар» үйірмесінде жасап шығарды. Сондай-ақ жас өскіндер шахматтан «Ақылдылар елі» сайысына қатысса, домбыра үйірмесіне қатысушылар «Күймен тербелген көк байрақ» париоттық күйлер орындаудан жарысқа түсті. Ермексазбен мүсіндеу үйірмесінде шағын рәміздік мүсіндер жасап шығарды.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар балалардың тұлғалық дамуына серпін беретін бастаманы өткізуге ұйытқы болған «AMANAT» партиясына ризашылықтарын білдірді «-Менің немерем мектеп жанындағы таэквондо үйірмесіне қатысады. Жазғы демалыс кезеңінде күннің астында бос жүрмесін деп бүгінгі іс-шараға қатыстырып отырмын. Оқушылар сарайында балаларымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Немеремнің осындағы үйірмелерге қызығушылығы артып отыр. Мектепің де, Оқушылар сарайының да жұмысына ата-ана ретінде көңілім толады»,- дейді бастауыш сыныпта оқитын немересін іс-шараға алып келген Алтынкүл Мыңжанқызы.
Облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты отбасы құндылықтарын ілгерілету, әйел азаматтардың құқықтарын сақтау, олардың мүдделерін қорғау, қыз-келіншектердің азаматық бастамаларына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын одан әрі жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі