Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ол қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейтінін айтты.
Салтанатты рәсім елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өтті. Құрмет қарауылының бастығы алдымен Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады.
Бұдан бөлек, Президент биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі – Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Негізгі заң біздің қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрқайсысымыз үлес қосып келеміз. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жасампаз қуатына деген ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді.
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға сөз арнады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін!
Салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының 14 үздік түлегі Мемлекет басшысының қолынан офицерлік шен алды.
ӘЛИХАН ҮЙСЕМБАЕВ, ҚР ҰҚК АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнінде сіздің қолыңыздан арнайы шен алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл бізге ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, қастерлі отанымызға аянбай қызмет етуге және өзіме берілген офицер мәртебесін абыроймен арқалауға үлкен жігер береді.
Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.