Алматыда да рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті. Патриоттық рухты дәріптеген мереке аясында «Медеу» спорт кешенінің тұсында көк Ту көкке көтерілді. Айтулы күнге арналған рәсімге қала әкімі, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен спорт саласының өкілдері, сондай-ақ жастар ұйымдары қатысты.
Биіктігі 40 метрлік тұғырға орнатылған 7 де 14 метрлік алып Ту көтерілер сәтте хор капелласы мен әскери оркестр Мемлекеттік Әнұранды орындады. Бұл көрініс – ел рухын биіктеткен ерекше сәт болды.
АЙДАР ЕСЕНБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздің еліміздің бас нышандары мемлекеттік туымыз, мемлекеттік гербіміз, мемлекеттік гимніміз қабылдаған күн. Сондықтан дәл осы күні біз Алматы қаласында мемлекеттік рәміздер күнін кеңінен атап өтіп жатырмыз. Мынау осы Медеу шатқалында орналасқан ту тұғырдағы туымызды біз жаппай жиналып, көтеріп, жаппай гимнді орындадық.
Рухты көтерген шара аясында қала тұрғындарына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шығармашылық ұжымдар мен белгілі өнер иелері патриоттық әндерді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
РОЗА РЫМБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
Шын жүректен Қазақстан халқын осы ерекше мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз жасай берсін. Бірлігіміз жарасып, Қазақстан халқы, қазақ жері, елі құлпыра берсін өсе берсін.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Қала аудандарында түрлі мәдени және спорттық бағдарламалар жалғасып жатыр. Бұл – жас ұрпаққа отансүйгіштік рухты дарытудың жарқын жолы.