$519.64 €609.23 ₽6.62
×

Димаш Құдайбергеннің анасы атаулы күнде дүние есігін ашқан сәбилерге сыйлық табыстады

Димаш Құдайбергеннің анасы атаулы күнде дүние есігін ашқан сәбилерге сыйлық табыстады

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Рәміздер күні аталып өтілуде.  Халық мемлекеттік нышандарды ұлықтады. Атаулы күнде дүние есігін ашқан сәбилерге сыйлықтар табысталды. Көшелерде он мыңдаған жалауша таратылды.  Ол туралы толығырақ тілшілеріміз айтады.  

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің тірегі, ұлтымыздың мақтанышы. Мерейлі мерекені астаналық жұртшылық жоғары деңгейде өткізуде. Бәйтеректің маңында халық елімізде алғаш рет ұйымдастырылған спидкубинг шоуын тамашалауда. Мұнда 3 мың кубиктен көк байрағымыздың бейнесі құрастырылып жатыр. 


Патриоттық инсталляция – техникалық дәлдік пен шығармашылықтың үйлескен ерекше қойылымы. Бұл көрініс рәміздерге деген құрметті заманауи форматта жеткізді. Ол халыққа ұмытылмас әсер сыйлады.
 
ӘЛИ АХАТ, С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Ең бірінші идеямыз Абай Құнанбайұлының мұражайында біз Абайдың портретін салдық. Сондықтанда біз бүгін міне 5 бала болып, 3 мың кубиктан қазақ елінің туын салып отырмыз.   


Мереке елорданың әр бұрышында тойланып жатыр. Бұл күні дүниеге келген сәбилер де құттықтаудан құр қалмады. Жаңа туған нәрестелердің отбасыларына естелік сыйлықтар  табысталды. 

СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Менің бір қуанып тұрғаным, аналардың жүздері жарқын, көңілдері тоқ. 4-5-бөпесін әкеліп жатқандар көп екен. Бұл дегініміз - біздің ұлтымыздың өсетіндігінің көрінісі. Аналардың барлығы қазақтың әлдиін айтатындай, бөпелерін өз ана-тілінде айналып-толғанып отырған әдемі қыздар-келіншектер екен.  


ГАУҺАР ЖАРАСБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі қыздан кейін үшінші ұл болғаннан кейін атасы әр есімді мағыналы етіп қойғысы келеді. Әрі ойлап, бері ойлап жүргенде осындай жағдай болғаннан кейін Дінмұхаммед деп қоюды жөн көрдік. Жұлдыз болсын деп, сол сияқты елге, жерге танымал болсын деп.     


Елордадағы «Менің байрағым» атты шара барысында 3 мың дана жалауша таратылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 300-ге жуық Ту ілінді.

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бүгінгі мереке жасқа да, жасымысқа да патриоттық рух сыйлайды. Мен де ерекше көңіл күйдемін. Ал өзге өңірлерде қандай шаралар өтіп жатыр? Оралдық әріптесім Еркін Карин жеткізеді.


ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Рақмет, Динара! Атаулы күннен Ақжайықтағы ағайын да қалыс қалмады. Рәміздер күнін оралдықтар кең көлемде атап өтті.


Облыс аудандарында велошеру мен автошеру ұйымдастырылды. Сондай-ақ Мемлекеттік ту көкте желбіреп, Әнұран шырқалды. Жергілікті өнерпаздар патриоттық әндерді әуелетті.

ПАРАСАТ ЖОЛБАЕВ, БҚО ПД ИНСПЕКТОРЫ:

Әр азамат, Қазақстан Республикасының азаматы елдің патриоты болуы керек деп есептеймін. Бұл ұлттық мереке және де мен өзімнің елімнің патриотымын. Мен үшін бұл аса маңызды күн.


ДУЛАТ ЖҮСІПҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл күн жалпы қазақстандықтар үшін Отанды сүюге деген, сүйіспеншілікті арттыратын күн деп мен білемін. Қазіргі таңда біздің рәміздеріміз, соның ішінде мемлекеттік туымыз әлемдік аренада жас спортшыларымыз Қазақстанның атын шығарып жатқанынан бізге үлкен мақтаныш алып келеді.


Рәміздерді ұлықтауға жол сақшылары да ат салысты. Олар көліктерді тоқтатып, жүргізушілеріне түрлі сауал қойды. Тапқырларына түрлі естелік сыйлықтар мен кәдесыйларды тарту етті.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Мемлекеттік рәміздер күнін оралдықтар осылай айшықтады. Осыдан 33 жыл бұрын тарихта таңбаланған бұл күннің еліміз үшін маңызы мол. Еліміздің туы тұғырлы, елтаңбасы еңселі, әнұраны айбатты болсын деп сөз тізгінін студияға ұсынайын.