Астанада көпқабатты тұрғын үй өртенді. Қасбеттен шыққан өрт өршіп, тұрғындар эвакуацияланды. Оқиға орнына тілшіміз Назерке Алтынбек барып келді.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Қазір мен Нұра ауданындағы Сығанақ көшесінде тұрмын. Дәл осы тұрғын үй кешенінің сыртқы қаптамасы өртеніп кеткен. Отқа оранған үйдің жүзге тарта тұрғыны өрт сөндірушілер келгенше далаға шығып үлгердік дейді.
«7 бөшке» тұрғын үй кешенінің маңайынан күйіктің өткір иісі сезіледі. 6 қабаттан 16 қабатқа дейінгі қасбет қара күйеден көрінбейді. Тұрғындар шошып қалған.
САҒЫНДЫҚ НҰРЕКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Түнде қасбеттен өрт шығып жатқанын байқадым. Үстіңгі қабаттан темекінің шоғы түсті деген күдігім бар. Бірден шелекке су толтырып, өртті тоқтатпақшы болдым. Бірақ бәрі кеш екенін түсініп, жалғызбасты қарт әженің есігін қағып, шығарып алмақ болдым, бірақ ашпады. Кейін өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндірді.
Бірнеше өрт сөндіру көлігі ғимараттың екі қапталынан тілсіз жаумен алысқан. Оттың тұтануына не түрткі болғанына қатысты ресми қорытынды жоқ.
САЯТ ҚАЖЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
Сағат 00:28-де өрт туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тұрғын үйдің қасбеті мен сыртқы бөлігінің жанып жатқанын анықтады. Жалын шамамен 250 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 01:37-де толық сөндірілді.
Абырой болғанда адам аман. Дегенмен, тұрғындардың мүлкі жарамсыз боп қалған.
ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ:
- Кіріп, заттарымызды түсіріп шыққанша, самый қажетті заттарымызды алып, соның өзінде уже бірнеше этажға көтеріліп кеткен.
-Киімдеріңіздің бәрі түтін болып қалды ма?
-Иә, киюге жарамайды уже ешқайсысы.
Қазір мұнда сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндірушілердің дерегіне қарағанда, 14-қабат қатты зардап шеккен.
АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:
Оқиға орнында тұрғындар шұғыл эвакуацияланды. Түтін салдарынан кейбірі пәтерлеріне орала алмады. Олар арнайы автобустармен «Saad» қонақүйіне жеткізілді. Қазір онда 21 адам (16 ересек, 5 бала) уақытша тұрып жатыр, олардың арасында пәтер иелері мен жалға алушылар бар. 5 маусым күні қонақүйде уақытша тұрып жатқан барлық тұрғындар өз үйлеріне қайта оралады.
Әкімдік ақпаратынша, тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, зақымданған қасбет пен басқа да шығындарды қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде басталады.