$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Қызылжарда 87 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр

04.06.2025ж. 20:00
149
Қызылжарда 87 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр

Қызылжарда сексеннен астам көпқабатты үй бір айдан бері ыстық сусыз отыр. Бүгін “Жас өркен” ауданының тұрғындары бас көтерді. Жарықтың жиі өшірілуі өз алдына, ыстық судың жоқтығы жұрттың әбден мазасын қашырған. Ал құзырлы органдар кінәні бір-біріне сілтеп отыр. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз білді.  

Жылу магистральдеріндегі жаңғырту жұмыстарына байланысты облыс орталығы мамырдың 12сі күні бүтіндей ыстық судан ажыратылған. Араға бірнеше күн салып, құзырлы органдар қаланың басым бөлігін қайта қосты. Алайда, “Жас өркен” ауданының  тұрғындары  шет қалып, әлі күнге дейін ыстық судан тарығып отыр. 

МАРЛЕН РАМАЗАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бірнеше мың адам ыстық сусыз отыр. Қаланың әкімшілігі бірнеше бригада жіберуі керек. Тез уақытта оны істеу керек. Ал былай соза беруге түкке жарамайды! 


Бұқара жуыну үшін күнде суды жылтып әлек. Ал моншаға баратындар соңғы уақытта қызмет құны еселеніп кеткенін айтады. 

БАҒЛАН БРАЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Моншалардың бағалары қымбаттап кетіпті. Мына Маяковский көшесінде монша бар. Бұрын бір кісіге бағасы 2 мың теңге болатын. Қазір бағасы 3.5 мың теңге. 


Қала бойынша 87 тұрғын үй ыстық судан қағылған. Жаңғырту жұмыстары тек “Петропавл жылу желілері” компаниясында   емес, әкімдіктің меншігіндегі құбырларда да жүргізіліп жатыр. 

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Теплотрассаларды тексеру жұмыстары жүргізілді он күннің ішінде. Магистральный теплотрасса дейміз сол жерде үш ақау анықталды. Қазіргі таңда сол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 


Сөйтіп, билік өкілдері бірер күнде су қайта қосылады, деп уәде етіп отыр. Айта кету керек, бүгінде Петропавлда жылу желілерінің  77 пайызы тозған.