Баянауылда биыл да қарақұрт қаптауы мүмкін. Өрмекші тәріздес улы жәндік адамды шақса, өлтіру ықтималдығы жоғары. 2 жылдан бері қарақұрт Торайғыр көлінің жағасын мекен еткен. Қазірдің өзінде 2 бірдей ұясы анықталды. Қыстап қалатын жәндік көктемде 6 рет түлейді. Мамандардың айтуынша, бір ұядан 500-ге дейін қарақұрт өсіп шығады.
Қарақұрт – өте улы жәндік. 2 жылдан бері Баянауылдағы Торайғыр көлінің маңын мекендеп алған. Бұрын соңды бұл өңірде кездеспеген. Оның қайдан келгені де белгісіз. Ал адамды шақса, өлтіретіндей уы бар.
АЖДАР ЖҮСІПОВ, «БАЯНАУЫЛ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ерекше қорғалатын аймақта химиялық өңдеу жасауға болмайды. Біз бұған дейін қарақұртты қолмен теріп жойғанбыз. Бірақ, олардың саны көбейіп қауіп төндіргендіктен, улау жұмыстарын жасауға тура келді. Бір апта бұрын мердігер 150 гектар жерге өңдеу жұмыстарының алғашы кезеңін жүзеге асырды. Енді 10 күннен кейін екінші рет химиялық препарат себетін болады. Ал егер қарақұрт қалса, күзде тағы да өңдеу жасалады.
Мамандар биыл алғаш рет қарақұртқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бастады. Нәтижесі осы жазда белгілі болмақ. Әзірге өңірде зиянкестен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Десе де, қауіп әлі де сейілмеген.
АЖДАР ЖҮСІПОВ, «БАЯНАУЫЛ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамын. Жаздың уақытында далада палаткада қону қауіпті. Бізде көбінесе балықшылар түнімен балық аулап, дала қона кетеді. Бұл қауіп төндіруі мүмкін. Ал қарақұрт шақса, адамды өлімге дейін алып келуі ықтимал. Кімнің иммунитеті әлсіз. Соған ауыр тиюі мүмкін.
Ал Қаражар ауылында қоңыз қаптады. Бау-бақшадағы жеміс ағаштары мен өсімдіктердің түгін қалтырмай жеп кеткен. Кейбір ауыл тұрғындары картоп еккен. Оны да қоңыз жеп қоя ма - деп алаңдаулы.
ЕСЕН ЖҮСІПБАЕВ, ҚАРАЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Соленныйға қолданатын хрен бар ғой мынандай болып өскен 15-20 см болып. Екі күн ішінде оны жермен жексен қылды. Прям өзімнің көзінше. Таңертең жұмысқа кетерде бір қағып кетем қоңыздарды. Обедте қарайтын уақыт болмайды. Кешке келсем жоқ жанағы өсімдігіміз. Таяқтары ғана қалған. Қарақат ағаштарының жапырақтарын жұрдай қылған. Қаладан сатып әкеліп, гүлдер екенбіз, оны да екі күн ішінде жойып тастады.
Мамандар қоңыздар адамға зиян келтірмейтіндіктен, оларға химиялық улау жұмыстары жасалынбайтынын айтады. Бұны тек өсімдіктен теріп тастау арқылы ғана жоюға болады - деп отыр.