$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Атырауда пайдалануға берілгеніне 5 жыл болған жаңа балабақша күрделі жөндеуге жабылды

05.06.2025ж. 20:00
235
Атырауда пайдалануға берілгеніне 5 жыл болған жаңа балабақша күрделі жөндеуге жабылды

Атырауда пайдалануға берілгеніне 5 жыл болған жаңа балабақша күрделі жөндеуге жабылды. Мектепке дейінгі мекемеге былтыр да қомақты қаржыға ағымдағы жөндеу жүргізілген еді. Алайда бөбекжайдың келесі бөлігінің қабырғалары жарылып, ұлғая бастаған. Арнайы техникалық зерттеу жүргізген сарапшылар ғимарат бала түгілі үлкенге қауіпті деп, толық жөндеу жүрмейінше жабылу керек деген шешім шығарыпты.

Еркінқала ауылындағы №37 “Болашақ” бөбекжай-бақшасын аймақтағы ірі компаниялардың бірі 2019 жылдың желтоқсанында сыйлаған. Құны 698 млн теңге тұратын 290 балаға арналған бақша жөндеуден көз ашпай қойды. Былтыр ғана 16 млн теңгеге жарылған қабырғалар жөнделген еді. Биыл наурыз айынан бастап ғимараттың келесі бөлігінде жарықтар пайда болып, күн өткен сайын ашылып барады. Еден түсіп кеткен, шкафтар құлап, кафельдер сынып жатыр.

ГҮЛБАНУ ҚОНАЕВА, №37 “БОЛАШАҚ” БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Содан бері қарай жарық бір орында тұрмай, көлемі ұлғая бастады. Одан кейін біз білім бөліміне хабарлап айттық. Және техникалық зерттеуден өткізіп, теникалық зертеуден өткізгенде сарапшы бұл балалақш толық жөндеуден өтпейінше, бала қабылдауға болмайды, қызметкерлер де бұл жерде қалуға болмайды деп айтты. Солай қорытынды шығарды.

Ортаңғы топ балаларына арналған бөлмедегі жағдай осындай. Балабақша басшылығы бөбектерді қауіпсіз бөлігіндегі топқа қосуға мәжбүр болған. Осылайша бір топта 35 бала отырды. 1 маусымнан бастап балабақша жұмысын тоқтатты.

ГҮЛБАНУ ҚОНАЕВА, №37 “БОЛАШАҚ” БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Балаларды жақын маңдағы балабақшаларға орналастырамыз. Қызметерлердің көбісі еңбек демалысына кетеді. Еңбек демалысынан кейін де оларды заңдылықтарына қарай біз жұмыссыз қалдырмауға тырысамыз. Және ұжымдық шартта көрсетілгендей жұмыс жасағысы келмегендерді біз 50 пайыз еңбекақысын төлеуге жұмыстанамыз.

Балабақшаны бес жыл бұрын облыстық құрылыс басқармасы мамандары қабылдап алған. Айтуларынша, нысан тапсырылған кезде еш ақауы болмапты. Техникалық , авторлық қадағалаушының қорытындысымен құрылыс нормаларына сәйкес тапсырылғанын айтады. Шенділер бұл жағдайға пайдаланушы мекеме жеткізуі мүмкін,-деп отыр.

КҮЛӘН ҚҰЛБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Пайдалануға ұстаушы мекеме суды кетіріп алуы мүмкін астына. Оны білмейміз ғой, әртүрлі жағдайлар болады . Көбіне астына су кету жағдайынан болады. Пайдаланып жатқан кезде кәріз суы бар, ауыз суы бар, суаратын сулар бар подвалдың астына түсіп кетсе, сондай жағдайға алып келіп тудырады. Оны техникалық зерттеу ғана анықтай алады.

Әзірге балабақшаны күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Сондықтан құрылыс жұмыстарының өзі қашан басталатыны белгісіз. Әрі су жаңа бола тұра ескі ғимаратқа айналған бақшаға бөбектердің қашан оралатынын айтуға да ерте.