Алматы облысы Қаскелең қаласында Ұлттық Құрылтай аясындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Дөңгелек үстел «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: өңірлік мәселелер және шешу жолдары» тақырыбында жүргізілді.
Алматы облыстық қоғамдық кеңес 38 мүшеден тұрады. Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында көтерілген мәселелер Қарасай ауданының халқымен, аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланды. Заң мен тәртіп тақырыбын шегелеп тұрып көтергендіктен, бұл жиынға өңірлік құқық қорғау органдары да қатысты. Мұндай басқосу бұған дейін Ұйғыр, Іле, Кеген, Райымбек аудандарында өткізіліп, халықтың 100-ден астам ұсынысы қабылданған.
ҚАЗЫБЕК ДАУТАЛИЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Халықтың арасына барып, ұсыныс, талап-тілектерімен танысу, президентіміздің Жаңа Қазақстан құрудағы мәселелерін жеткізу – бұл да осы алдымызда тұрған басты міндеттің бірі. Себебі, Ұлттық Құрылтайдың 117 мүшесінің 20-сы облыстық және оған теңестірілген деңгейдегі Қоғамдық кеңестердің мүшелерінен қалыптасады.
Сондай-ақ, басқосуда қоғамдық мүлікке, тарихи-мәдени ескерткіштерге және табиғатқа зиян келтіру мәселелері де қызу талқыға түсті. Вандализм Ұлттық Құрылтайда көтерілген басты проблемалардың бірі болатын.
БИБІГҮЛ ДАНДЫҒАРАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
Тарихи ескерткіштерімізге, өңіріміздегі өзге де мәдени нысандарымызға үлкен кесірін тигізіп тұр. Қазір біз вандализмге ұрынып тұрмыз. Қандай тарихи-мәдени ескерткішке барсаңыз да беті шимайланған.
Одан бөлек, адам құқығының сақталуы, ауылдық жерлерде денсаулық жүйесін жетілдіру, әйелдер арасындағы қылмыс сынды тақырыптағы баяндамаларға ден қойылып, пікірталас жүргізілді.