Астанада қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға қатысты жиын өтті. «Заң мен тәртіп» нарративі аясында ұйымдастырылған шараға қала әкімдігі қолдау білдірді. Жиында балаларға көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Баланың қауіпсіздігі кім-кімді болсын алаңдатады. Қазір елордада ата-ананың қамқорлығынсыз қалған немесе зорлық-зомбылық көрген балалардың панасына айналған мекемеде 85 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 35-і тұрақты түрде орналасқан. Мамандардың айтуынша, мұндағы жасөспірімдерді қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
ЕРЛАН АЛМАЗҰЛЫ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Шараның басты мақсаты – осы жасөспірімдерді, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау. Олардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Соларға осы ортада дұрыс бейімделу, дұрыс жолға түсіру және де материалдық, отбасылық тұрмыстағы барынша мемлекеттік органдардың тарапынан қолдау көрсету болып табылады.
Елордада жылдан жылға халық саны көбеюіне байланысты, орталыққа орналастырылатын балалардың да саны артқан.
ИНДИРА НҰРМҰХАМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРГЕ МҰҚТАЖ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің басты міндетіміз – балаларды отбасына қайта қосу. Осы мақсатта біз ата-аналармен, заң өкілдерімен бірігіп жұмыс істейміз. Бұл бағытта заңгерлік кеңестер беріп, қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Өйткені олар қиын жағдайға тап болған осы отбасылармен әріқарай жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар психологиялық қолдау орталығымен бірігіп жұмыс істейміз.
Отырыс нәтижесінде уәкілетті органдар жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында нақты шаралар мен өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді.