Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып, жедел-техникалық бөлімшелердің жұмысымен танысты. Президентке киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері, үкіметтік және қызметтік байланысты дамыту жобалары көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамаларды тыңдап, ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерді тойтару мен еліміздің маңызды инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасаудың маңызына тоқталды. Осы бағытта бірнеше тапсырма берді.