$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Абай облысында Бас Прокурор прокуратура ғимаратын ашып, медициналық-әлеуметтік орталықтың құрылыс орнына естелік капсуласын салды

AstanaTV
06.06.2025ж. 13:23
73
Абай облысында Бас Прокурор прокуратура ғимаратын ашып, медициналық-әлеуметтік орталықтың құрылыс орнына естелік капсуласын салды

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Абай облысына сапары барысында құқықтық жүйенің дамуы мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін бейнелейтін екі маңызды шараға қатысты.

Қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында Бас Прокурор әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге арналған жаңа медициналық-әлеуметтік орталықтың құрылыс алаңында естелік капсуласын салды. Жоба Бас прокуратура шетелден қайтарған, бұрын ұрланған активтер есебінен (2,7 млрд теңге) жүзеге асырылып жатыр.

Аталған орталық азаматтарға денсаулық сақтау, әлеуметтік және психологиялық көмек бағыттарында кешенді қолдау көрсететін болады.

Бас Прокурордың айтуынша, бұл бастама – мемлекетке қайтарылған қаражаттың қоғам игілігіне жұмыс істеп жатқандығының және азаматтардың денсаулықты қорғау жөніндегі конституциялық құқығының қамтамасыз етіліп жатқандығының айқын дәлелі.

Аталған қаражат есебінен республика бойынша жалпы құны 240 млрд теңгеге жуық 333 нысан салынып жатыр, оның 162-сі – денсаулық сақтау саласына тиесілі. Абай облысында 15 нысан салынуда, оның ішінде 3 медициналық нысан және 12 сумен жабдықтау нысандары.

Салынған капсула – ұрпақтар сабақтастығының, қызметке адалдықтың және әрбір азаматқа деген құрметтің символы болды.

Құрылысты 2025 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. 

Сонымен қатар, салтанатты жағдайда Абай облысы прокуратурасының жаңа ғимаратының ресми ашылуы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, прокуратура органдарының ардагерлері және облыс прокуратурасының жеке құрамы қатысты. 

Сапар аясында Берік Асылов оқу орындарының студенттері мен оқытушыларымен кездесу өткізді.

«Alikhan Bokeikhan University»-мен ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Бас Прокурор студенттерге «Заң және Тәртіп» идеологиясын облыс орталығының мектептерінде ілгерілетіп жүрген белсенді ұстанымдары үшін алғыс айтты.

Б. Асылов жеке өз атынан және Бас прокуратураның ұжымы атынан барша мұсылмандарды қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтайды. Бұл қасиетті күні ол барлық қазақстандықтарға бейбіт өмір, амандық, жан тыныштығын, барлық істерінде табыс пен өркендеуді тілейді.