Өзбекстан құрамасы футбол тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Осы тарихи жетістік үшін футболшыларға мемлекет тарапынан марапат беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзбекстандық БАҚ-тарының хабарлауынша, құраманың барлық ойыншыларына BYD Champion маркалы автокөлік сыйға тартылмақ. Сондай-ақ, ұлттық құрама ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамы «Өзбекстан мақтанышы» (Uzbekiston iftixori) атағына ие болады.
Шешуші ойыннан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев команда өкілдерімен тікелей байланысып, ризашылық пен мақтаныш сезімін білдірді. Ол бұл жетістік – ойыншылардың жанкештілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Еске салайық, әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Өзбекстан 5 маусымда БАӘ құрамасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады. Бұл нәтиже өзбек командасының топта екінші орын алуына жеткілікті еді.