$510.19 €582.79 ₽6.46
×

Балқашта экс-полицей бұрынғы әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді

AstanaTV
07.06.2025ж. 11:39
89
Балқашта экс-полицей бұрынғы әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді

Қарағанды ​​облысындағы Балқаш қаласының тұрғыны бұрынғы күйеуін әрдайым ұрып-соғып, азаптады деп айыптады. Жәбірленуші әйелдің туыстарының үндеуі әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазбада ер адамның полиция қызметкері екені, ажырасқаннан кейін де бұрынғы әйелінің мазасын алуды тоқтатпағаны айтылған.

Кезекті бір оқиға 4 мамырда болған. Жазба авторы ер адам таңғы сағат төртте бұрынғы әйелінің үйіне баса-көктеп кіріп, оны аяусыз ұрып-соғып, буындырғанын, мазақ етіп, өлтірмек болғанын айтады. Сол күні таңертең ол полицияға арыз жазған.

Осы жағдайдан кейін әйел ауруханаға түсті. Автордың айтуынша, ер адам бұрынғы әйелі емделіп жатқан ауруханаға емін-еркін кіріп, оны қорқытып жүр.

Жәбірленушінің отбасы қоғамнан қорғауды сұрап, полициядан әділ тергеуді талап етіп отыр.

Қарағанды ​​облысының полиция департаменті бұл үндеуге жауап беріп, күдіктінің қазір құқық қорғау органдарында қызмет етпейтінін атап өтті.

"Балқаш тұрғынының бұрынғы күйеуі соққыға жыққаны туралы арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – бұрынғы полиция қызметкері тергеу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша жанжал мүліктік дау салдарынан туындаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады полиция.

Полиция департаменті «оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр» деп сендірді.

"Заң бәріне ортақ. Тамыр-таныстық та, бұрынғы мәртебе де иммунитет бермейді. Іс Қарағанды ​​облысының полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деп атап өтті ведомство.