Астанада №1 көпбейінді қалалық ауруханасының кардиохирургтары ашық жүрекке алғашқы операцияны сәтті жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл ота бүкіл республика үшін стратегиялық маңызы бар жаңа кардиохирургиялық бөлімше жұмысының ресми басталуы екенін атап өтті.
Кардиохирургиялық патология Қазақстан халқының өлімі мен мүгедектігі құрылымында жетекші орындардың бірін алады. Жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы, қақпақшалар ақаулары, инфекциялық эндокардит және аорта аневризмасы емдеуде уақтылы және жоғары технологиялық тәсілді қажет етеді. Енді мұнда елорда тұрғындары мен еліміздің басқа өңірлерінен келген пациенттер коронарлық артерияны шунттау, жүректің қақпақшасы аппаратының туа біткен және жүре пайда болған ақаулары кезінде реконструктивті және протездеу операцияларын жүргізу бойынша көмек ала алады. Сонымен қатар хирургиялық санация мен қақпақшаларды ауыстырудың заманауи әдістерін қолдана отырып инфекциялық эндокардитті емдеу және араласудың басқа түрлерін қоса алғанда коронарлық артерия ауруының жіті және созылмалы түрлерінде жоғары технологиялық мамандандырылған жоспарлы және шұғыл кардиохирургиялық көмек көрсетіледі.
Халқы үнемі өсіп келе жатқан елордалық мегаполис ретінде қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар республиканың түкпір-түкпірінен, әсіресе шұғыл жағдайларда пациенттерді шұғыл қабылдауға қабілетті заманауи кардиохирургиялық орталықтың болуы қажеттілігі жоғары. Бүгінгі таңда республикалық мамандандырылған орталықтардың қолданыстағы қуаттары шамадан тыс жүктелген, бұл өмірлік маңызды көмек көрсетудің кешеуілдеуіне әкелуі мүмкін,-деп атап өтті министрліктен.
Кардиохирургиялық бөлімшені ашу нәтижесінде жедел диагностика және ерте хирургиялық емдеу хаттамаларын енгізудің есебінен ЖИА және жіті коронарлық синдромның асқынған түрлерінен болатын өлім төмендейді деген болжам бар. Сондай-ақ қақпақшалық жүрек ақаулары бар пациенттердің өмір сүру сапасының жақсаруы, инфекциялық эндокардит кезінде өлімнің төмендеуі күтіледі.