Павлодарда тойға барған 30-тан астам адам астан ұшынды. Ал күні кеше ғана сол мейрамханада болған мерейтойдан кейін тағы 5 адам ауырып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер науқастардың жағдайы орташа ауырлықта екенін айтады. Той қонақтарының неден уланғанын тілшіміз Өзгеріс Қуанар білуге тырысты.
Күні кеше ғана ұзатылған Азиза Исабай тойға 150 қонақ шақырған. Ол өз ұзатуында еттен өзге тамақ жемеген. Ал тоқсан түрлі салаттан дәм татқандардың көбі ауруханадан бір-ақ шығыпты. Той иесі бұған мейрамхана әкімшілігін кінәлайды.
АЗИЗА ИСАБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз адамдардың улануына мейрамхана әкімшілігі дайындаған салаттардың бұзылғаны себеп деп білеміз. Өйткені, ауырған адамдардың барлығы салатты жеген. Сондықтан, біз мейрамхана иесінің жауапқа тартылуын сұраймыз. Жұқпалы аурулар ауруханасы менің туыстарыма толып кетті. Әкем де, басқа да жақындарым бәрі ауруханада жатыр. Біз олардың өмірі үшін алаңдап отырмыз.
Азизаның туған әпкесі Айгерім де астан ұшынған. Ауруханаға барғанмен, үйден емдеуге жіберген. Ал жолдасының жағдайы тіптен қиын. Қызуы көтеріліп, бас көтере алар емес.
АЙГЕРІМ ИСАБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Той болған түні жолдасым екеуміздің ішіміз ауыра бастады. Содан дәретханаға кезекпен жүгірдік. Одан кейін дене қызуымыз көтерілді. Содан жедел жәрдем шақырттық. Ауруханаға келсек біздің туыстарымыз жүр. Олар да ауырып, дәрігерге келген. Содан бізді қарап, үйге жіберді. Бірақ, әлі күнге дейін күйеуімнің де, өзімнің де қызуым түспей тұр. Түгел денеміз ауырып, өзімізді жайсыз сезініп мүрміз.
Ал кеше ғана осы мейрамханада мерейтой өткізген тағы бір әулет ауырып қалды. Айдана Жапардың айтуынша, той қонақтарының он шақтысының дене қызуы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген.
АЙДАНА ЖАПАР, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бүгін таңғы 5.00-де әпкем өзін жайсыз сезініп, іші ауыра бастады. Содан түске қарай жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жатқызып тастады. Ағам да ауырып, ауруханаға түсті. Бізден дәл қазір 3 адам ауырып жатыр. Тағы 7 адам дәрігер қабылдауына барды.
34 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Оның 20-сы жатқызылып, қалғандары үйден ем алуға жіберілген.
ҚЫМБАТ ҚАРАБОЛДИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бүгінгі таңда оларға қойылған диагноз – ішек инфекциясы. Дәл қандай инфекция екені анықталған жоқ. Оны анықтау үшін науқастардан арнайы анализдер алынады. Олардың дайындалуы 5-6 күн шамасында.
Өңірдің санитарлық эпидемологиялық бақылау департаменті аталмыш мейрамханаға тексеру жүргізген. Нәтижесінде қоғамдық тамақтану орнының санитарлық рұқсаты жоқ болып шыққан.
ГҮЛНӘР АҚЫЛБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ ЭПИДЕМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Аталмыш мейрамханада санитарлық эпидемологиялық қорытынды қағазы жоқ. Олар рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Сол себепті қоғамдық тамақтану орының жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шығарылды. Мейрамхананың санитарлық эпидемологиялық жағдайы жақсармайынша, рұқсат берілмейтін болады.
Мамандар той қонақтарының нақты неден уланғанын анықтау үшін сараптама жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы 5 күннен соң белгілі болмақ.