Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттары қосылмақ. Ақордада қос тарап меморандумға қол қойды. Жауаптылар бастаманың Азия мен Еуропаны жалғайтын ірі бағыт боларына сенімді. Бұдан өзге қазақ-болгар қатынасын нығайтуға бағытталған бірнеше құжат қабылданды. Әріптесім Сүндет Оралбек толығырақ тарқатсын.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Елімізге ресми сапармен келген мәртебелі мейман Болгарияның 5-ші президенті. Румен Радевтің басшылығымен бұл ел сыртқы саясаттағы рөлін орнықтырып келеді. Болгарияның беделін арттыруға, инвестициялық әлеуеттті нығайтуға бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Қазір Ақордада мейманды салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтіп жатыр.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Балқан түбегіндегі ел келешекте маңызды серіктеске айналуы ықтимал. Себебі саяси және экономикалық көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Өткен жылдың өзінде айтарлықтай жетістікке жетті. елдің ІЖӨ деңгейі 103,7 млрд еуродан асты. Ресми Шенген аймағына қосылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор.
Шағын құрамдағы келіссөзде Болгария президенті екі жақты байланысты жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесі санайтынын айтты.
РУМЕН РАДЕВ, БОЛГАРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынаста қарқын бар. Былтыр алыс-беріс көлемі 375,2 млн АҚШ долларына жетті. Қуанарлығы, соның 80 пайызға жуығы Қазақстан экспортының еншісінде.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл.
Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін берері анық. Кеңейтілген құрамдағы жиында қос тарап күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Қазақ-болгар қатынасын дамытуға бағытталған бірнеше құжатқа қол қойылды.
Жиыннан кейін Президенттер БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін Румен Радевке шынайы ризашылығын білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті.
Мемлекет басшысы брифингте бүгінгі келіссөз мазмұнды болғанына, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне мән берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық.
Тараптар стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті.
РУМЕН РАДЕВ, БОЛГАРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Транскаспий көлік дәлізін одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы екі ел арасындағы байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенімізді көрсетеді. Осы орайда Қазақстан мен Болгарияның географиялық тұрғыдан орналасуын барынша тиімді пайдалану керек. Өйткені бұл бағыт Азия мен Еуропаны жалғайды.
Жақын арада елордада Болгария астанасының атауымен көше ашылады. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған бастама.