Оралда Құрбан Айт мерекесіне орай қазақ күресінен "жамағат барысы" анықталды. Бұл сайыс аймақта алғаш рет өткізіліп отыр. Осыған дейінгі жарыс өңірдегі мешіт имамдарының арасында ұйымдастырылған екен. Бұл жолы ұйымдастырушылар сәждеге жығылған жамағатты жаппай қамтуға тырысыпты.
Боз кілемге шыққандар екі түрлі салмақ дәрежесі бойынша өгіз балуан және түйе балуан санатында іріктелді. Облыстың 12 ауданы мен қала мешіттерінің жамағатынан жасақталған 200-дей үміткердің арасынан топ жарам деп құлшынғандардың бірі - Ерқанат Малдыбаев. Спортты серік еткен жігіт қарсыластары мықты болса да, өзінің бабында екеніне сенімді.
ЕРҚАНАТ МАЛДЫБАЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Күреспен кезінде біздің ата-бабаларымыз айналысқан және де ол ептілікті, мықтылықты, шыдамдылықты қажет ететін күрес спорт түрі. Осы күресті мақтан тұтам айналысқаныма. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңсең жақсы әрине, жеңілсең де жер көтереді.
Балуандардың арасында Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанған кәсіби спортшы жоқ. Осындай талап қойыпты ұйымдастырушылар сәждеге бас қойғандарды көбірек қамтуға тырысыпты. Өйткені бұл турнир дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін тағылымды шара болуы тиіс, дейді олар.
АЗАТ ҚАРАТАЙ, БҚО ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Спортшы қауымның арасында олардың діндарлығына қатысты, сол ортадағы дұрыс емес идеологияның дамуына қатысты сын пікірлер бар. Сондықтан біз осы саладағы жастарымыздың тек қана тән тұрғысынан емес, руханият тұрғысынан дұрыс дамуына мүдделіміз. Тән саулығынан бөлек рухани, рухани саулықтың дұрыс бағытта болуына үндеу тастау мақсатында осындай шараны ұйымдастырдық.
Бұған дейін өңірде "имамдар барысы" өткізіліпті. Енді келер жылдан бастап, жарыстың ауқымын ұлғайтып, батыс облыстар арасында өңіраралық турнир өткізу жоспарда бар.