Спорт Қазақстан
$449.3 €489.69 ₽4.89
×

Оралда бұршақ жауды

AstanaTV
12.07.2017ж. 20:00
5736
Оралда бұршақ жауды

Батыс Қазақстан облысындағы Дариян ауылында бір күнде қыс орнады. Қатты жауған бұршақтан елді мекендегі бау-бақша түгелдей тып-типыл болған. Еңбегі еш кетіп, күйінген тұрғындар өтемақыдан үміттене ала ма? Еркін Қарин анықтауға тырысты.

Бір сағат бойы тынбай жауған бұршақ жолды басып қалды. Тас жолдағы көлік қозғалысы қиындап, сай-сала қар басқандай әсер қалдырды. Бір мезетте қыс орнаған Дариян ауылының тұрғыны Бибіханым апайдың жыл бойы төккен тері зая кетті. Бұршақ бақшаны отап, үйін бүлдірген. Ол мұндай оқиғаның әрбір он екі жыл сайын қайталанатынын айтады.

Бибіханым Оразаева, Дариян ауылының тұрғыны:

Ағаштарға дейін бәрін-бәрін сындырып, тіпті қабығын ашып тастады. Шие, алма ағашы, алмұрт, жүзім - бәрінің жапырақтары жерде жатыр. Картоптан дым да жоқ. Бәрін орақпен отап тастаған сияқты.

Тұрғындардың сөзінше, бұршақтың көлемі 8 миллиметрге жеткен. Ал ауа райын болжаушылар, шіліңгір шілдеде бұршақ жауғанын қалыпты құбылыс, дейді. Айтуларынша, жоғары көтерілген ылғал ауадан ірі жауын бұлты пайда болады. Бұл бұлттар биікке көтерілгенде су тамшылары мұзға айналады да, жерге бұршақ болып жауады.

Бақытжан Ихсанов, БҚО ТЖД бас маманы:

Департаменттің жедел тобымен ауылға шығу ұйымдастырылды және ауылдықтардан мәлімет жинау ұйымдастырылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. «Қазгидрометтің» филиалының мәліметі бойынша жұмыстанамыз. Алдағы уақытта жауын-шашын болатыны туралы мәлімет жоқ.

Қазір бұршақтан келген шығын есептеліп, Дариян ауылындағы бау-бақшаның түгел бүлінгені анықталды. Мұздақ далада тұрған бірнеше көлікті де бүлдірген. Қазір еріген қар суы жиналған аумақ арнайы техниканың көмегімен тазартылып жатыр.

Ренат Шәуенов, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл оқиға төтенше жағдай болып табыла ма, жоқ па, оны тек облыстық Төтенше жағдайлар департаменті анықтайды. Әзірге нақты ұйғарым жасалмады. Егер шаруалардың бау-бақшасы сақтандырылса, өтемақы төленуі мүмкін.

Қазір елді мекендегі мекемелер мен байланыс желілері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ал жаздың ортасында жауған бұршақты қызық көріп, суретке түскен ауыл тұрғындары әлеуметтік желілердің жұлдызына айналған. 

Еркін КАРИН