$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Былтыр өндірістік объектілерде оқыс оқиғадан 202 адам ажал құшты

10.06.2025ж. 20:00
266
Былтыр өндірістік объектілерде оқыс оқиғадан 202 адам ажал құшты

Былтыр өндірістік объектілерде оқыс оқиғадан 202 адам қаза тапты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында айтты. Биылдың өзінде өсімдік шикізатын өңдеу орындарында 60-тан астам жазатайым жағдай болды. 22 жұмысшы жарақат алса, 15 адам ажал құшқан. Төтеншеліктер өндіріс ошақтарында  16 мыңнан астам тексеру жүргізген. Қызметкерлеріне өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қараған 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды. 

Былтыр 1400-ден астам адам еңбек жағдайындағы оқыс оқиғадан зардап шекті. Оның 202-сі қаза тапқан. Оқыс оқиғадан майып болғандар саны жыл сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да талай мәрте мінберде қозғады. Еңбек адамына қолайлы жағдай жасауды жауаптыларға жүктеді. Десе де, қауіп сейілер емес. Елімізде 450-ге жуық жұмыс орны зиянды ретінде тіркелген. 

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

15 976 азаматтың кәсіптік еңбекке қабілеттілігінің жоғалғаны анықталды, оның ішінде 8 204 адам кәсіби аурулардан және 7 771 адам өндірістік жарақаттардан зардап шеккен. 


Биыл қаңтар-мамыр айларының өзінде мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі саласында 11 жазатайым оқиға болған.  Газ шаруашылығы, өсімдік шикізатын өңдеу объектілерінде 60-тан астам оқыс жағдай тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алса, 15 адам мерт болды. Қайғылы оқиғаның көбіне өндірістік жабдықтардың тозуы себеп. Мәселен металлургия саласындағы 50 ірі кәсіпорынның өндірістік жабдықтары 74 процент тозған.  

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
 

Өндірістік жабдықтарының тозу деңгейі 74%-ға жеткен тау-кен металлургия саласындағы 50 ірі кәсіпорын тізімі жасалды. Аталған кәсіпорындардың қызметін тиімді бақылау үшін технологияны қайта жабдықтандыруға бағытталған Бақылау картасы әзірленді.


Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс орындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары жиі тексерілетінін айтады. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам объектіні тексерген. 100 мыңнан астам заң бұзушылық анықталыпты. Ведомства басшысы осындай тексерістер нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын орындамай, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар саны 4 жарым есе ұлғайғанын айтады.   

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды. Атап айтқанда, өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі, жұмысшыларды қызметке оқытып-үйретпестен, нұсқаулық жүргізбей жіберу, эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп бітеп тастау сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан объектілердің 95%-ы тоқтатылды.


Үкімет басшысы елдегі еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін жауапты министрліктерге нақты тапсырма берді. Жұмыс орнында жарақат алу фактісін жасыруын болдырмау мақсатында заңнамаға түзетулер әзірлеуді, еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды жүктеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Адам өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық. Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бірақ ең бастысы бұл адами фактор. Жұмыскерлердің құқықтарының сақталуын қатаң бақылауды ешқандай датчик алмастыра алмайды. Өкінішке қарай мұндай бақылаудың жеткіліксіз екенін айтуға тура келеді. 


Сондай-ақ, цифрлық даму министрлігіне 1-ші желтоқсанға дейін еңбекті қорғау саласында біртұтас цифрлық экожүйені құруды тапсырды.