$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Астанада Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті

Астанада Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті

Астанада Қазақстан мен Қырғызстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті. Кездесуде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Қырғыз Республикасы Жоғары кеңесінің төрағасы Нурланбек Тургунбекұлы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ парламентаралық байланысты дамыту бойынша жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру барысын ортаға салды. Мәжіліс спикері 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізу көзделгенін еске салды. Осы орайда Мәжіліс ратификациялаған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта ынтымақтастықтың жаңа институционалдық негіздері айқын көрсетілгенін жеткізді. 

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көшбасшыларымыздың екіжақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді. Біздің ендігі мақсатымыз – осы екпінді сақтап, қарқынды одан әрі нығайту. Бүгінгі кеңес отырысы да осыған арналып отыр. Екі елдің парламенттеріне жоғары деңгейде уағдаластықтардың іске асырылуын қадағалау функциясы жүктелген. Осы ретте екі ел үкіметі белсенді жұмыс істеп жатқанын да атап өткен жөн. Өз кезегінде біздің Парламенттер оларды заңнамалық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етуде. 


Жоғарғы кеңес төрағасы сапар барысында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінің құрамына кіретін Jibek Joly республикалық телеарнасында болды. Нурланбек Тургунбекұлына негізгі жұмыс бағыттары мен «Silk Way Central Asia» халықаралық медиа жобасы таныстырылды. Silk Way телеарнасы алты тілде, соның ішінде қырғыз тілінде хабар таратады. Алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның ұлттық телекомпанияларымен контент алмасу және әріптестік қарым-қатынасты дамыту жоспарланып отыр.