$542.03 €627.29 ₽6.66
×

Баянауылда тұрғындар су мен жолға жарымай отыр

10.06.2025ж. 20:00
197
Баянауылда тұрғындар су мен жолға жарымай отыр

Баянауылда тұрғындар суға жарымай отыр. Аудан орталығындағы Жамбыл Жабаев көшесіне су құбыры мүлде тартылмаған.  Бұқара тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Ал бұл көшеде жол да жоқ. Жаңбыр жауса, толарақтан саз кешеді. Тіпті, жедел жәрдем көлігінің өзі жете алмайды. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді. 

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл Баянауылдағы Жамбыл Жабаев көшесі. Аты көше болғанымен, заты мүлдем көшеге ұқсамайды. Мұнда көлікпен түгілі жаяу жүрудің өзі мүмкін емес.

 
Бұл көшенің тұрғындары  аралдағы ауыл сияқты.  Не су, не жол, не жарық жоқ. Тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Жазға арналған су құбырын салған. Алайда, қыста қатып қалады.

ӘСЕЛ ӘБІШ, БАЯНАУЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Су летний период жаздық істейді, береді. Қыста қатады. Сыртынан труба бәрі қатады. Сосын үйге тасимыз құдықтан. Құдық бар. Толтырамыз сосын тасимыз. 


Ал жолдың жыры тіптен қиын. Жаңбыр жауса, айнала саз балшыққа айналады.  Соның кесірінен тіпті жедел жәрдемнің өзі жете алмайды. Ал қыста қараңғы көшемен балалардың сабаққа барып келуі де қиямет қайым.

ОРАЗАЛЫ ӘБЕНОВ, БАЯНАУЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жол жоқ біріншіден. Мына жер езіліп жатады. Жүру мүмкін емес. Күзді күні свет жоқ, жарық жоқ осы көшеге дейін. Баянауылдың дәл ортасында тұрамыз. Бірақ, свет жоқ, жарық жоқ. 


Бұл көшеге осы жылы асфальт төсеуге қаржы бөлінген. Алайда, мердігер астаң кестеңі шыққан жерге жол салудан бас тартыпты.

САМАТ МАҚАЖАНОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Менің ойымша, себебі, бұған Баянауыл аудандық нақты сектор жұмыскерлері жобалық сметалық құжаттарды қате жазған. Сондықтан мына жолды дұрыс деп көрсетілген. Бірақ, қиқы шойқы болғаннан кейін кететін қаражаты қомақты болып тұр. Содан кейін бас тартты деп ойлаймын. 


Аудан әкімі тасада қалған көшеге көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Бұрынғы жасаған жобасында бір қатар шикілік болғандықтан, қайта жасауға тура келген.
 
АРДАҚ КІСЕНТАЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жоба облыстық бюджеттен қаржыландыру болды. Мердігер бар қазір. Мердігер жуырда жұмыстарын бастайды. Ескерту беріп жатырмыз. Бір мердігер болады тиянақты істейді. Бір мердігер болады келмейді. Заң талаптары аясында жұмыс жасап жатырмыз.  Негізі ол жерге жол саламыз. 


Жамбыл Жабаев көшесіне жол салуға 358 млн теңге бөлінген. Алайда, мердігер ұйым бұл қаражаттың аздығын айтып шағымданыпты. Ал жолдың осы жылы салынар салынбасы әзірге белгісіз.