$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Атырауда былтыр су тасқыны кезінде бөгет соққан жұмысшылар ақшасын ала алмай жүр

10.06.2025ж. 20:00
126
Атырауда былтыр су тасқыны кезінде бөгет соққан жұмысшылар ақшасын ала алмай жүр

Атырауда былтыр су тасқыны кезінде бөгет соққан жұмысшылар әлі күнге  ақшасын ала алмай жүр. Айтуларынша, күндіз-түні Камаз көлігімен  топырақ тасыған. Алайда судың беті қайтып, қауіп сейілген соң  жасалған жұмысты толық есептемей қойды,- дейді ашулы жүргізушілер. 

Камаз жүргізушілердің жалғыз талабы - маңдай тер, табан ақысын алу. Бір жылдан астам уақыттан бері әні-міні беремізге сеніп келгенін айтады. Қалаға су тасқынынан қауіп төнген кезде  келісім-шарт жасап отыруға уақыт болмады. Ауызша келісіммен  жұмыс істедік,- дейді олар. 

БАЙЖАН ТҰРҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ақжар, Ақсай ортасында  бал соқтық. Бал соққанда содан бері ақшамызды, еңбекақымызды ала алмай келе жатырмыз. 1 жылдан асып кетті. “Абадан Алаш” ЖШС  деген біздерді жалдап алды.  Төтенше жағда уақытында. 2 шақырым жарым балл соқтық. Биіктігі 5 метр, жалпақтығы 4 метр. 


ҒАЛЫМЖАН ДЕМЕСІНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Шешілмей тұрған мәселе 2 шақырым 400 метр дамбы соғылған. Осы Ақсай округтің жері  сайға тап болып, көп мөлшерде топырақ төгілген.  Сол есебі шешілмей жатыр. 54 техника жүрді.  Оның жартысынан көбі ақшасын ала алмай тұр. Біз жүретін соляркамыздың өзі 1 литрі 300 теңгенің үстіне  шығып кетті. Өте қиын болды.  Күнкөрістің өзі қиындап кетті.


Атырау бойынша 1 шақырым бөгетке 39 млн теңге белгіленген. Бұл Камаз жүргізушілеріне жұмысын ұсынған компания 2 шақырым 400 метр бөгет салыпты.   Алайда сайлы аумақ болғандықтан  3 есеге жуық көп топырақ төгілген. Әкімдік мұны есепке алғысы келмей, 81 млн теңге ғана төлепті. Келіспеушілік содан пайда болыпты. Қазір кәсіпкер мен әкімдік арасында сот процесі жүріп жатыр.

ШАПХАТ ҚАЛИЕВ, ҚАЙЫРШАҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ол өзінің тиісті ақшасын келісім шартқа отырған  келісім шарт бойынша ақшасын алды. Алайда ол өзінің техникалары жоқ, барлығы жер-жерден жекеменшек кісілерден жекеменшік Камазды алған. Одан кейін берейін  десе ақшасы жетпейді. Біздер “Абадан Алашпен” отырдық. 2 шақырымға ол неше техника алады.  Не істейді өзінің проблемасы. 


Жүргізушілер қарызға батып, несие жаба алмай жүрміз,- дейді. Ақшасын күтіп-күтіп күдерін үзген ақтөбелік жұмысшылар үйлеріне қайтқан. Ал кәсіпкер жүргізушілерге қарызын соттан жеңген соң өтеймін,- деп отыр.