Астананың дәл іргесіндегі Кіші Талдыкөл – маңайдың көркі. Алайда соңғы жылдары бұл көлдің экологиялық жағдайы алаңдатарлық деңгейге жеткен. Осыған орай Таза Қазақстан акциясы аясында ерекше акция ұйымдастырылды.
№5 және №7 Талдыкөл көлдерін биологиялық жолмен тазарту жұмыстарына қала тұрғындары мен экологияға бей-жай қарамайтын еріктілер қатысты. Акция барысында көлдер санитарлық тазалаудан да өтті. Артық балдырлар мен тұнбалар жойылып, су айдыны біртіндеп тазара бастады
АЙДАР РАШИД, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Су мен тұнбаның химиялық әрі биологиялық көрсеткіштері тұрақты бақылауда. Негізгі әдісіміз – хлорелла секілді пайдалы микроағзаларға негізделген биологиялық тазарту технологиясы. Жазда аэрациялық жүйелерді орнату көзделіп отыр. Ал 2026 жылы гидробиологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша балықтандыруға қатысты нақты ұсынымдар әзірленеді.
Жоба барысында екі түрлі биопрепарат пайдаланылды: тірі микроорганизмдерден тұратын сұйық ерітінді және су түбінде баяу әрекет ететін ЭМ-шарлар. Олар органикалық қалдықтарды ыдыратуға арналған.
ДИАНА ЖҮНІСОВА, ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Микробиологиялық препарат жасап шығарған болтынбыз. Көбінесе сұйық препараттар қолданылады. Ал біздің ерекшелігіміз - домалақ қатты, көлдің ең астыңғы слойда әсер ететін препараттарды жасап шығарғанымыз болады.
Кіші Талдыкөл – тек су айдыны емес, Астананың экологиялық тұрақтылығының кепілі. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз