Батыс Қазақстан облысында киіктің 800-ден астам өлексесі судан шығарылды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының дерегінше, қырылған жануарлардың бәрі де биылғы төл. Киіктер өзенді кешіп өткен кезде биік жарқабақтан жоғары шыға алмай, суға батып өлген көрінеді. Суды өлекседен тазартуға “Бөкей орда” резерватының мамандары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жұмылдырылған. Жергілікті тұрғындар өзен суымен мал суаратынын айтып, алаңдаушылығын білдіргесін, судан сынама алынып, зертханаға жіберілді. Ал инспекторлар тұтас өзеннің бойына кезекшілік қою мүмкін емес екенін айтып, шарасыздық танытып отыр.
НҰРЛАН РАҚЫМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Сарыөзен жағасында киіктер жатқаны анықталып, өлекселері өзеннен шығарылып, алгоритм бойынша өртеу әдісімен жою ұйымдастырылды. Барлығы 308 бас. Бұл жағдай 1-2 апта бұрын да болды. Онда 526 бас екі күннің ішінде шығарылды.