Испанияның Азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану агенттігі (AESAN) тұрғындарды дүкен сөрелеріндегі туралған жеміс-жидектерді сатып алмауға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deia басылымына сілтеме жасап.
Иә, қарапайым ғана жайт бар. Бірақ, көбіне мұны ұғына бермейміз. Жеміс-жидектердің қабығы шаң-тозаң, вирустардан қорғайды. Сол себепті, ол пышақпен кесілгенде аталған қорғаныс бұзылады. Ең қауіптісі, жеміс сырт көзге бүлінбей тұрса да, иісі мен түсі өзгермесе де, патогендермен ластану ықтималдығы жоғары. Испаниялық мамандар кесілген жемістерді тұтыну сальмонеллез және ішек таяқшасы секілді ауруға әкелуі мүмкін екенін жасырмайды.
Бір ескерер жайт, туралғанына көп болған жеміс-жидектер мына ережелерді сақтаған кезде ғана қауіпсіз болуы ықтимал:
Жемісті +25ºC-тан жоғары температурада 3 сағаттан артық қалдырмау;
Оны +5 C-тан төмен температураға дейін мүмкіндігінше тезірек суыту;
Шамадан тыс пісіп кеткен немесе бетінде жарақаты бар жемістерді кеспеу;
Туралған жемістерді тікелей күн сәулесінен алыс, желдетілетін жерде сақтау.