$507.8 €580.82 ₽6.44
×

Астанада «Ұлттық ұлан — ел айбыны» патриоттық мұралы ашылды

AstanaTV
11.06.2025ж. 09:52
129
Астанада «Ұлттық ұлан — ел айбыны» патриоттық мұралы ашылды

Елордада Сарыарқа ауданы ғимараттарының бірінің қасбетінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне арналған «Ұлттық ұлан — ел айбыны» патриоттық муралының салтанатты ашылуы өтті.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәліметінше, муралды салтанатты түрде ашу құрметі қызмет барысында қырағылық пен жанқиярлық танытқан қос сарбаз — Даниял Сәрсенғалиев пен Нұржан Жұмабекұлына берілді. Даниял Сәрсенғалиев таяуда эпилепсиялық ұстамасы бар қызға жедел медициналық көмек көрсеткен болатын. Ал Нұржан Жұмабекұлы «Шарын» базарындағы өртті байқаған бойда тиісті қызметтерге уақытылы баяндап, оқиға орнына қосымша күш шақырып, қауіп аймағына дереу қоршау ұйымдастырған.

Өнер нысаны Сейфуллин 9/1 және Кубрин 22/1 көшелерінің қиылысында орналасқан алаңдағы ғимарат сыртына ерекше рең берді. Ол ұландықтардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адалдық рухында тәрбиелеуге қосқан үлесін мойындаудың символына айналды. 


Муралдың салынуына Сарыарқа ауданының әкімдігі бірлесіп, Ұлттық ұлан бастама көтерді.

— Бұл туынды — біздің әскери қызметшілерімізге деген алғыстың белгісі. Өнер арқылы күндіз-түні тұрақтылық пен тәртіптің сақшысы, тыныштықтың қалқаны болған жандар туралы айтамыз. Мурал жастарды патриоттық тәрбиелеудің маңызды элементіне айналатынына және Отан алдындағы борышын еске салатынына сенімдімін, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Құлдашов өз сөзінде жобаның мәдени және тәрбиелік маңызын атап өтті.

— Біз қаланың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, оны терең мазмұнмен толтыруға тырысамыз. Бұл муралдың пайда болуы әскери қызметке және маңызды міндет атқаратындарға құрметпен қарауды қалыптастырудағы оң қадам деп білеміз. Сондай-ақ, қаламыздың өзіндік болмысының бір бөлігі және аудан тұрғындары үшін мақтаныш нысанына боларына күмән жоқ, - деді ол.