Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде қазір кәмелетке толмаған 75 бала жазасын өтеп жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша солардың төртеуі рақымшылық аясында бостандыққа шығады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап жатыр. Құжатты талқылау барысында депутаттар ішкі істер министрлігінен неше бала рақымшылықпен босап шығатынын сұрады.
75 бала колонияда отыр
«Қазір кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстау орындарында 75 бала жазасын өтеп жатыр. Оның 70-сі – ұл бала, олар Алматы қаласындағы №11 мекемеде жазасын өтеп жатыр, ал 5 қыз бала Алматы облысындағы Жауғашты кентіндегі түрмеде отыр. Осы сотталғандардың ішінде 4 жасөспірім алдын ала есептеулер бойынша рақымшылыққа ілігеді, мерзімдері қысқартылады», - деп жауап берді ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков.
Бұрын рақымшылыққа іліккен 2 мың адам қайта түрмеге түскен
Қайырбековтің айтуынша, бұрын рақымшылыққа ілігіп, кейін қайта қылмыс жасап сотталғандардың саны қазір 2 мыңнан асады.
«Біз оларды іріктеп қарадық. Олардың арасында осы рақымшылық заңына ілігетін 30-дан астам адам бар», - дейді ІІМ басшысының орынбасары.