$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған - Президент

AstanaTV
11.06.2025ж. 13:41
107
Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған - Президент

 Қазақ-словак бизнес форумы екі елдің өзара ықпалдастығын одан ары дамытуға жол ашады. Бұл туралы Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Ең алдымен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо мырзаға және барша делегация мүшелеріне елімізге қош келдіңіздер деймін. Словакия Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі жақты қарым-қатынасымыздың тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қазіргі таңдағы екі елдің өзара байланыстары достық және сыйластық рухында нығайып жатыр. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыс жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негіз қалыптасқан. Екі елдің алыс-берісі де ұлғайып келеді.

- Қазақстанда 30-дан астам словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізге Словакияның ірі кәсіпкерлері де келді. Соған байланысты Роберт Фицо мырзаға алғысымды айтамын. Бүгін бизнес форум өтеді. Бұл жиын өзара ықпалдастығымызды одан ары нығайтуға жол ашады деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.