Күйеу жігітті өлтірген ер адам жазаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көкшетау қаласында үйлену тойынан кейін күйеу жігітті пышақтап өлтірген ер адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол марқұмның туыстарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Оқиға 2024 жылдың қараша айында Көкшетаудағы ойын-сауық орындарының бірінде болған. Некесін қиғызып, достарымен мейрамханада жүрген жәбірленуші С.-ға өзге үстелде отырған ер адам – Б. жанжал кезінде пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Жарақаттардың бірі жүрек тұсына тиіп, С. жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында С.-ны бұзақылық ниетпен өлтіргені үшін Б.-ға қатысты іс қаралды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бақылау камераларындағы бейнежазбалармен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді. Сот үкімімен Б.-ға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9) тармағы бойынша 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық залал ретінде 10 миллион теңге өндірілді, - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.