$511.92 €588.91 ₽6.44
×

"Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін экспорттауға дайын", - Президент

11.06.2025ж. 20:00
89
"Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін экспорттауға дайын", - Президент

Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран және басқа да тауарларын экспорттауы мүмкін. Елімізге ресми сапармен келген Роберт Фицомен келіссөзде Мемлекет басшысы осылай деді. Бүгінде екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі жыл өткен сайын артып жатыр. Былтыр тараптар 140 млн долларға сауда жасаса, биыл 4айда бұл көрсеткіш 40 млннан асты. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:


Биыл Қазақстан мен Словакия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 32 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қос тарап бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді. Екі ел мазмұнды саяси диалог жүргізіп, арадағы алыс-беріс пен барыс-келіс көлемін арттыра түсті. Келісімшарттар көбейіп, ынтымақтастық нығайды.


Елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алды. Салтанатты рәсімнен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы Сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын.


Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.

РОБЕРТ ФИЦО, СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:


Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет.


Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады. Артынша Қасым-Жомарт Тоаевпен Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 140 млн доллардан асқан. Биыл да қарқын мықты. Алғашқы тоқсанда қос тарап 45 млн долларға сауда жасасқан. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.


Словакия Премьер-министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы талқыланғанын айтып, келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады. 

РОБЕРТ ФИЦО, СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын.


Елімізде Словакияның 30-дан астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етеді. Бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтар екі ел арасындағы сан саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайтатынына сенім мол.