$511.92 €588.91 ₽6.44
×

4 мыңнан астам адам бостандыққа шығады

11.06.2025ж. 20:00
93
4 мыңнан астам адам бостандыққа шығады

Елде жазасын өтеп жатқан 4 мыңнан астам адам бостандыққа шығады. Мәжілісмендер Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты Парламент депутаттары Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірледі. Биыл рақымшылыққа кімдер ілігеді? Олардың қайтадан қылмысқа бармауына кім кепіл? Мөлдір Жақан айтады. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Депутаттар азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босатуды ұсынды. Оларға қылмыстық құқық бұзушылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыс түрлері жатады. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру орындарындағы 632 адам, пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталушы бостандыққа шығады. 11 мың адамның жаза мерзімі қысқарады. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы 629 азамат пен 481 әйел, 4 кәмелетке толмаған бала рақымшылыққа ілінеді. Амнистия аясында 2136 қылмыстық іс тоқтатылады. 


АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Рақымшылық жасау қылмысқа қарсы күресті күшейту аясында қылмыстық құқық бұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдар үшін шектелетін болады. Тек қасақана емес, жол апаты кезінде байқаусызда өлімге алып келген жағдайлар бойынша да рақымшылық жасалмайды. 


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бүгінде бір ғана «түрме тұрғынын» асырау үшін күніне 2900 теңге жұмсалады. Рақымшылық жасау мемлекетке жылына шамамен 5 млрд. теңгені үнемдеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Алайда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққандар қайтадан қылмысқа бармай ма?» деген орынды сұрақ туындайды. 


ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Рақымшылық жасау елдегі қылмыс деңгейіне қалай әсер ететін саралаған жөн. Қоғамдық өмірден тысқары өмір сүрген азаматтарды қайта әлеуметтендіру маңызды. 


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев «алаңдауға негіз жоқ» дейді. Сөзінше, осыған дейін де жасалған бірнеше рақымшылыққа қарамастан, соңғы 10 жылда елде қылмыс деңгейі 2 есе төмендеген. 


ӘСЕТ ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тәуелсіздік алғалы бері елде бірнеше рет рақымшылық жасалды. Қылмыс деңгейінің күрт өскенін бұған дейін байқамадық. Қазір де ондай қауіп жоқ. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бірлесіп жоба әзірлеп атырмыз. Бостандыққа шыққан азаматтардың дерегі арнайы базаға енеді. Нәтижесінде оларға жұмысқа орналасып, материалдық көмек алуына қатысы тиісті қолдау көрсетіледі. 


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бүгінде еліміздің қылмыстық атқару жүйесінің мекемелері мен тергеу изоляторларында 40 мыңнан астам адам отыр. 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Айта кету кереу, бұрын рақымшылық жасалып , кейін қайтадан істі болып, жазасын өтеп жатқандар екінші рет амнистияға ілікпейді.