$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Трамп: «Барлығының жазасын беремін»

11.06.2025ж. 20:00
87
Трамп: «Барлығының жазасын беремін»

Лос-Анджелесте коменданттық сағат режимі енгізілді. Тіпті, жергілікті билік, төтенше жағдай да жариялады. Трамптың миграциялық саясатына қарсы наразылық шаралары АҚШ-тың өзге ірі қалаларында жалғасуда. Ақ үй басшысы болса, қалаға қауіп төніп тұр. Оны құтқару үшін әскер кіргізуге мәжбүр болғанын айтуда. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты. 

Калифорния штаты мен Трамп әкімшілігі арасындағы текетірес қызды. Мексика мен өзге Латынамерикалық елдердің туын ұстаған иммигранттар мен полиция және әскерилер арасындағы қақтығыс толастар емес. Күні кеше Лос-Анджелеске теңіз-жаяу әскер корпусы кіргізілуі – жергілікті биліктің бейқамдығының кесірі, - дейді қорғаныс министрі – Пит Хегсет.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Калифорния штатының билігі өз мемлекеттік қызметшілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан, біз іске араласуға мәжбүр болдық. Федералды шенеуніктер мен полицейлерге қауіп төніп тұр. Ал, губернатор мен оның қолшоқпарлары саусағының ұшын да қимылдатпады. 


Трамп осы ереуілдер басталғалы әскери базаларға баруды жиілетті. Калифорния губернаторы Президентті сотқа беретіні белгілі болғанда, Трамп: «Гэвин Ньюсомды қамауға аламын», - деп қорқытпақшы болды. 

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:


Қайталап айтамын. Осы бұзақыларды біреу қаржыландырып отыр. Мен Федералды Тергеу Бюросы мен Бас Прокурорға тапсырма бердім. Басбұзарлардың артында тұрғандар жазаланады. Ал олардың арандатуына ерген қаскөйлерді біздің әскерилер қатаң жазалайды.


Калифорния губернаторы – Гэвин Ньюсом да қайтатын емес. Штат басшысы Трамптың жеке өзін мысқылдап, Ұлттық Ұлан сарбаздарын аштан қатырып, бір тамшы су бермеймін, - деп сес көрсетуде.

ГЭВИН НЬЮСОМ, КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Бұл сорақылықтың заң мен тәртіп қағидаларына еш қатысы жоқ. Жай ғана бір сорлы Президенттің ойына келгенін істеуі. Президент әкімшілігіне тәртіп емес, атыс-шабыс керек. Жалпы, оның есі дұрыс екеніне күмәнім бар.


Айта кетейік, Трамп әкімшілігі әр ірі қалада бір күнде кем дегенде 3000 мың заңсыз мигрант ұстауды көздеп отыр. Трампқа қарсы наразылық акциялары Чикаго мен Хьюстон секілді өзге қалаларда басталды.