$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Жеміс-жидек қымбат: сатушы тасымалды, сатып алушы бағаны кінәлайды

AstanaTV
11.06.2025ж. 20:00
128
Жеміс-жидек қымбат: сатушы тасымалды, сатып алушы бағаны кінәлайды

Жеміс-жидек бағасы қымбат. Кейбір өңірде өнімнің құны күрт өскені байқалады.  Базарлардағы баға мен сапа мәселесіне сатушы мен тұтынушылардың пікірі қандай? Тілшілеріміз бағамдады.  

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Жаз шыққалы базар бағасы да "жазғы температурамен" бірге қыза түсті. Дәл қазір біз Астананың базарында тұрмыз, баға өзгерісі туралы  сатушы мен тұтынушының өзінен сұрап білейік. . 


АЗАМАТ АЛИЕВ, САТУШЫ:

- Сәлеметсіз бе, жалпы жемістеріңіз қайдан келеді? 
- Шетелден келеді ғой. 
- Былтырғымен салыстырғанда айырмашылық бар ма?
- Иә бар, бұл жылы сәл қымбаттау. Жолға да байланысты ғой, жол жабық болып қалады ма білмеймін сол, түсінбеймін. Алып сатам ғой.


Статистика бойынша еліміздің орталығында жеміс бағасы өткен жылға қарағанда 5-10 пайызға дейін көтерілген. Десе де, базарда халықтың қарасы қалың

БЛИЦ: 

- Алып жүрміз, осыннан енді выбор бар деп келеміз. Бірақ баға тістейді, әрине, ымдап тұрып тістейді. 
- Алмалар қымбаттап кетті.
- Бағасы қымбат иә, ну құлпынайдың бағасы иә қымбатшылық 


Тұрғындар баға тұрақсыздығына үйреніп қалғанын айтады. Тек сапасы жақсы болса дейді.  

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:


Астанада жеміс бағасы айтарлықтай өскен. Сатушы – тасымалды, сатып алушы – бағаны кінәлайды. Ал еліміздің солтүстігіндегі Петропавлда жағдай қалай? Әріптесім Абзал Құрманкин баяндайды.


АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Назерке, Қызылжарда жеміс-жидек пен көкөністің бағасы аспандап тұр. Мәселен, әдетте 600 теңгеден саудаланатын алманың бағасы қазір 1000-нан асып жығылады. Ал жидектердің құны бақандай 3 мың теңгеге жуықтайды.


Сауда сөрелеріндегі оңтүстік пен импорттарлған өнімдердің құны қымбат логистиканың кесірінен еселеніп отырады. Бағаның шарықтауына тасқынның салдары да әсер еткен. Мыңдаған саяжайларды су басқандықтан, шаһар тұрғындары көкөніс пен жеміс-жидек өсіруден қалған. 

ЛЮДМИЛА ДАУТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз өмір бойы бау-бақша егіп, соның өнімін жыл бойы азық қылатынбыз. Бірақ саяжайымызды екі жыл қатарынан су басты. Қазір барлығын сатып алуға тура келеді. Бағалар көңіл көншітерлік емес, өз жағдайымызға қарай аз-аздап алуға тырысамыз. 


Бағаның тұрақталуына бір-екі айдан кейін пісіп жетілетін жергілікті өнім оң әсер етпек. Аймақ шаруалары көкөністің картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты негізгі түрлерін егеді. 

ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 

Біз былтыр картоптың 102 мың тоннасын және көкөністің 4 мың тоннасын алдық. Бұл көлем біздің аймақ жұртын қамтуға толық жеткілікті. 


АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 

Аймақ атқамінерлері биыл көкөніс егілген алқаптардың 15 пайызға ұлғайғанын хабарлап отыр. Демек, қолайлы күн райы болған жағдайда өңір шаруалары өзге облыстарды да өніммен қамтуы мүмкін. Ал, Айзада, оңтүстікте жеміс-жидек көл-көсір шығар, баға қалай? 


АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Абзал, Шымкентте жеміс-жидектің нағыз қызған маусымы қазір. Жеке үйлердің аулаларында пісе бастағандарын айтпағанда, сауда сөрелерінде де самсап тұр. 


Базарға кірсең көздің жауын алғаны былай тұрсын, танауыңа тәтті жағымды иіс бірден келеді. Құлпынай, таңқурай, бүлдіргендердің түр -түрі сатылып жатыр. Шиенің де неше атасы бар. Құлпынай- жергілікті өнім. Бағасы - 1,5 мың мен 3,5 мың теңгенің  аралығында. Сатушылар ірі әрі сұрыпталғандары сәйкесінше қымбаттау екенін  айтады. 

КҮЛӘПИЯ ТӨРТБАЕВА, САТУШЫ:

Смородина пока бұл қазір Ташкенттен кеп жатыр. Енді осы екі-үш күн болды басталып жатқанына. Бұл енді спроста. Енді жазымен осы болады. Малина болады ертең, смародина қарасы болады. Малина... ол кезде олар Бішкектен келеді. Қазір пока осы жергілікті. –Сұраныс қалай?-сұраныс жақсы.  


Жеміс-жидектің дені Өзбекстаннан келіп жатқан көрінеді.  Шабдалы, өріктің түр-түрі бар. Сары өріктер  800 теңге мен 2 мың теңге аралығында сатылып жатыр.   

ДИЛЯФУЗ ХАСАНБАЕВА, САТУШЫ:

Әртүрлі шабдалылар келеді. Инжир шабдалы, лохматый, тықыр шабдалылар бар. +өтімдері жақсы.  Өзбектсаннан келген товардың бәрін жақтырып алады, сұрап алады. Өай жақтан келіп жатыр, Өзбектсан ба деп. Бізге Ираннан да кіреді. Египеттен де кіреді.     


Базарларда жергілікті өрік пен жаздық алма да көп қазір. Бағасы да соған сәйкес әрқалай. Бірақ бағаға қарап жатқан ешкім жоқ. 

БЛИЦ:

- Былтырғыдан енді қымбаттау ғой барлық жерде. Бірақ күнделікті жеміс-жидек жеу керек бізге. Витамин керек. Аламыз жеуге.  
- Менің өзімнің үйімде өрігім бар, алмам бар. Сол үшін черешня, помидор алуға, қияр алуға келіп отырмын. Бағалары қолжетімді. 
- Кеше мысалы өрік сатып алдым. Атаң екеуміз бір отырғанда жеп алдық. Шие алып тұрамыз, құлпынай аламыз. Шетінен тосап та жауып алып жатырмын. Тәбет тартқан жеміс-жидектерді піскен піскеніндей алып жеп  тұруға тырысамыз. 



АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, шымкенттіктер қазір өрік пен шиеден тосап жабуға қызу кіріскен шақ. Құлпынай мен таңқурайды қысқа бүтіндей сақтау да жақсы үрдіске айналған. Ол денсаулыққа  пайдалы. Алдағы күндері жаздық жүзімдер  сатылымға шыға бастайды.