Ал Оралда жабайы базарлармен күрес күшейді. Бірақ көшеде тұрып, сауда көрігін қыздырған саудагерлер бұған қарсы. Олардың айтуынша, базардың ішінде сауда нашар әрі салық пен жалға алу ақысы тағы бар. Түскен табысын жырымдағысы келмеген олар өздерін қарыз, несиесінен құтылғанша қозғамауын сұрайды.
Орталық базар маңында киім-кешек пен жеміс-жидек, сүт пен балық сататындардың уәжі осы. Биыл көктемнен бастап қудаланып, айыппұл арқаласа да, базарға кіргісі келмейді. Өйткені тапқан табысы орынды жалға алу ақысы секілді түрлі алым-салықтан аспайды екен.
ТАЛҒАТ СӘБИТОВ, САТУШЫ:
Қазіргі уақытта айыппұл салып енді бастап жатыр. Өткенде бірінші айыппұлды салды. Бірінші айыппұл 40 мың салды. 50 процентпен 20 мың болады. Келесіде көбейе береді. Егер төлемесе, жұма сайын айыппұлдар саны көбейе береді.
АҚЕРКЕ ӘЛДЕКБАЕВА, САТУШЫ:
Жұмысқа жарамаймын. Сыртта тұрып, тары-талқан сатамын. Ішке кір дейді. Мен ішке кіре алмаймын тары-талқанмен. Өйткені күніне 10 банка, 20 банка сатамын. Квартирада тұрамын бес баламен. Басқа вариант жоқ осы жерге келіп сатудан басқа. Ауыл шаруашылығы өнімдерін осы жерде сатамын. Ішкі кіріп, ИП ашуға менің шамам жетпейді.
Таңғы төрттен кешкі сағат сегізге дейін базар маңын аралайтын әкімдік қызметкерлері көшеде сауда жасау заңға қайшы екенін ескертіп жүр.
АСЫЛАН ТАПИШЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Балық өнімдері болсын, сүт өнімдері болсын, бәрі де санитарлық-ветеринариялық лабораторияның анализдерінен кейін сатылуы керек қой. Себебі іште көріп отырсыз ғой. Бұл заңсыз сауда орындары негізгі базарлардың қасында шоғырланған. Енді салыстырмалы түрде базарда 1000 адам сататын болса, 40-50 адам ортақ заң мен тәртіпке келісім білдірмейді.
Базар басшылығы орын тауып береміз дегеніне сырттағы саудагерлер келіспей отыр. Заң бәріне ортақ екенін ескерткен әкімдік өкілдері оларды айыппұлмен жазалаудан басқа амал жоқ дейді.