$511.92 €588.91 ₽6.44
×

"Бүйрек ауруына шалдыққан жеті адамның біреуіне ғана диагноз қойылады", - Д. Мұқаев

"Бүйрек ауруына шалдыққан жеті адамның біреуіне ғана диагноз қойылады", - Д. Мұқаев

Еліміздің әрбір оныншы тұрғыны бүйрек ауруына шалдыққан. Бірақ жетеуінің біреуіне созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылады. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев осылай деп дабыл қақты. Қазір бүйрек трансплантациясына кезекте 3600-ге жуық қазақстандық тұр. Оның 80-нен астамы бала. Депутаттың айтуынша, бір науқастың гемодиализ алуына жылына 5 млн 600 мың теңге кетеді. Қазір елімізде 12 мыңнан астам адам диализ алатынын ескерсек, мемлекет жыл сайын 67 млрд теңгеден аса қаржы жұмсауда. Семіздік, қант диабеті және қан қысымының жоғары болуы созылмалы бүйрек ауруының пайда болуына әсер етіп отыр. Яғни, бір сырқат екінші сырқаттың шығуына себеп болуда.

ДӘУЛЕТ МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл тенденциялар Қазақстан үшін де өзекті болып отыр, себебі елімізде диабетпен және гипертониямен ауыратындар саны жылдан жылға артуда. Бүгінгі таңда біз бұл мәселеге тек медициналық тұрғыдан емес, стратегиялық тұрғыдан қарап, жүйелі алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет. 


Депутат өз ұсынысында созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізу керек екенін айтты. Алғашқы медициналық ұйымдарда диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейту қажет деді. Сондай-ақ нефрологиялық қызметті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеуді ұсынды.