Қарағанды облысында балалар жүріп бара жатқан "ГАЗель" автокөлігіне жармасып, өмірлерін қатерге тікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қауіпті әрекетке барған жеткіншектер анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды облысында кәмелетке толмаған үш баланың жолда кетіп бара жатқан "ГАЗель" автокөлігіне жармасып, жол бойымен қозғалған сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Бұл оқиға жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы ғана емес, балалардың өміріне елеулі қауіп төндірді. Жедел жүргізілген тексеру нәтижесінде оқушылардың жеке тұлғалары анықталды. Олар 10-11 жас аралығындағы мектеп оқушылары болып шықты. Барлық балалар заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді, – дейді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының жүріс-тұрысын қатаң бақылауға алып, оларды жолдағы қауіпті әрекеттерден сақтандыру қажеттігін ескертеді.
Балалардың ата-аналарына қатысты бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделді. Аталған іс бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар, жасөспірімдер мектепішілік есепке алынатын болады. Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының жүріс-тұрысын бақылауда ұстаудың және оларды жолдағы қауіп-қатерден сақтандырудың маңыздылығын еске салады. Мұндай немқұрайлық қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін, – делінген хабарламада.