Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа сауал жолдап, Қазақстанның ипотека нарығына жаңа тәсіл енгізуді ұсынды.
— Тұрғын үй — адамның басты конституциялық құқығы. Алайда іс жүзінде бұл құқықты жүзеге асыру қиынға соғып отыр. Мәселен, шамамен 30 млн теңге тұратын автокөлікті сатып алу әлдеқайда жеңіл — жылдық мөлшерлеме — 6%, бастапқы жарна талап етілмейді, құжат рәсімдеу жылдам. Ал дәл осы сомаға баспана алғысы келген азамат кемі 30% бастапқы жарна төлеуге мәжбүр. 18–20% көлеміндегі жоғары пайызбен келісуге тиіс. Күрделі құжат жинау процесінен өтіп, соңында ипотека бермей қалуы мүмкін, — деп бастады ол сауалын.
Депутат елдің ипотека нарығына Rent-to-Buy жүйесін (жалдаудан — сатып алуға) енгізуді ұсынды.
— Мысалы, айына 200 мың теңге төлесе, соның 50 мың теңгесі алдағы уақытта үйді сатып алғанда алғашқы жарна ретінде саналады. Осылайша адам үш жыл ішінде үйге ақша жинап қана қоймай, төлем қабілетін де дәлелдеп үлгереді. Бұл жүйе біздегі жастарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал азаматтарға өте қолайлы болар еді, — деді Ерболат Сатыбалдин.
Сондай-ақ, ол халықтың баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту үшін тек «Отбасы банкпен» шектелмей, басқа банктерге де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру қажет деген пікір айтты.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.