Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдердің спикерлерімен кездесуінде осылай деді. Ол Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігердің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатқанын айтты. Осы арқылы тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтып, еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Президент осы арқылы түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз.
Президент соңғы жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетіле түсті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруды түпкі мақсатымыз деп атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты. Соның арқасында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі шамамен 290 миллиард долларға жеткен. Бұл бір адамның басына шаққанда 14 мың доллар деген сөз. Дегенмен түйткілді мәселелер мұнымен шешілмейді. Еліміз әлі де жауапты шешімдер қабылдап, бірқатар маңызды шараларды қолдануы тиіс. Ал ол міндеттерді іске асыруда түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды қадам деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан бауырлас елдер арасындағы парламентаралық байланысқа, әсіресе, халықтық дипломатияға ерекше мән береді. Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы – аса беделді халықаралық ұйым, ынтымақтастығымызды дамытуға мүмкіндік беретін бірегей құрылым деп күмәнсіз айтуға болады.
Жиын соңында Президент бұл кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.