$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен ТүркПА жалпы отырысы өтті

12.06.2025ж. 20:00
168
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен ТүркПА жалпы отырысы өтті

Әзербайжан Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына төрағалық тізгінді Қазақстанға тапсырды. Бүгін Елордада Ассамблеяның 14-ші жалпы отырысы өтті. Алдымен ұйымға мүше парламенттер хатшылықтың өткен жылғы қызметі туралы есебін қарап, алдағы кезеңге жоспарларын айқындады. Жиынды ашқан Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті. 

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президенттеріміздің ізімен біз де елдеріміздің ынтымағын тереңдетуге күш салып жатырмыз. Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен, Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын. 


Сондай-ақ жалпы отырыста құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар, білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер, экономикалық ынтымақтастық пен денсаулық сақтау жөніндегі комиссиялардың есебі мен ұсынымдары қабылданды. Бұдан бөлек «ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қызметтегі таза энергия туралы», «Халыққа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында парламентші әйелдер мен жас парламентшілер тобының жиындары өтті. Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының келесі 15-ші басқосуын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім шығарылды. 

НУРЛАНБЕК ТУРГУНБЕК УУЛУ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОГОРКУ КЕНЕШІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қырғыз Республикасы әрдайым бауырлас түркі елдері мен көпжақты ынтымақтастыққа жоғары көңіл бөледі. Бұл Парламенттер  арасындағы сенімді нығайтуда және заң шеңберінде тәжірибе алмасуда негізгі платформа болып саналады. Біз осы мүмкіндікті толық пайдалана отырып, бейбіт өмірді және тұрақтылықты сақтап қалуымыз керек. Қырғыз Республикасы бұған өз үлесін қосуға дайын. Баршаңызды келесі жылы Қырғыз елінде күтеміз!