$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Трамп заңсыз мигранттарға қарсы күш қолдануға бұйрық берді

12.06.2025ж. 20:00
85
Трамп заңсыз мигранттарға қарсы күш қолдануға бұйрық берді

Үндістанда ұшақ құлап, борттағылардың барлығы қаза тапты. Рейс Ахмедабад қаласынан Лондонға бет алған еді. Алайда, әуежайдан сәл ұзап, құрылыс үстіне құлады. Ал, Дональд Трамп, Лос-Анджелесте әскерилерге қатаң күш қолдануға және оқ атуға бұйрық берді. Қуанышты жаңалықтар да бар. АҚШ пен Қытай Лондондағы сауда келісімдерінің аясында өзара уағдаластықтарға келді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты. 

Әуежайдан ұшып шыққан бойда  дабыл белгісін берген. Артынша құрылыс жүріп жатқан жерге құлады. Лондонға бет алған ұшақта бастапқыда тірі қалғандар бар деген ақпарат шыққан еді. Алайда артынша, ол расталмады. Борт ішінде 169 Үндістан азаматы, 53 британиялық пен 7 португалдық азамат болған. Сонымен қатар, 2 ұшқыш пен 10   экипаж мүшесі тіл тартпай кетті. 

РАНДИР ЖАЙВСАЛ, ҮНДІСТАН СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл жайт қабырғамызды қайыстырды. Отандастарымызбен қатар, өзге ел азаматтары да болған еді. Үндістан билігі тиісті тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтайды. Барлық қызметтердің жедел әрекетіне қарамастан, ешкімді құтқара алмадық.


Трамп, Лос-Анджелесте мигранттарға оқ атуға рұқсат берді. Бұл туралы Қорғаныс министрі – Пит Хегсет мәлімдеді. 4000 Ұлттық Ұлан сарбазы мен 700 Теңіз-Жаяу әскері корпусының жауынгерлері енді қауіп төнген жағдайда суық қаруды да қолдана алады. 

ТАСК ШЕРМАН, БІРІККЕН КҮШТЕР ҚОЛБАСШЫСЫ:

Президент бұйрық берді. Қазір Қорғаныс министрі барлығымыздың жұмысымызды үйлестіруге тікелей атсалысуда. Басты мақсат қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қантөгісті болдырмау. Дегенмен, арандатушылар мен қылмысқа барғандарға қарсы күш қолдануға мәжбүр боламыз. Бастысы – бейкүнә жандарды қорғауымыз керек.


Трамп  бөркін аспанға атуда. Лондонда АҚШ пен Қытай арасындағы сауда бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Өз сөзінде АҚ үй басшысы Қытайды дегеніме көндірдім, қалғандарының айтқанымызға мойынсұнудан басқа амалы жоқ дегенге келтірді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қытаймен тиімді келісімге қол қоюға жақынбыз. Бұл келіссөздерге менің көңілім толады. Барлығы, әлемнің 150 елімен тиісті жұмыс жүргіземіз. Қазір, 15 мемлекетпен қызу жұмыс жүріп жатыр. 


Айта кетейік, Трамп өзінің алғашқы Президенттік мерзімінде де, Қытайға шүйлігіп еді. АҚШ Президентінің айтуынша, Қытаймен сауда дефициті 5 есе кем.