$511.77 €593.19 ₽6.41
×

Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті

12.06.2025ж. 20:00
78
Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті

Үш адамның екеуінде қаржы қоры жоқ. Халықтың 22 пайызы ғана келешекке деп ақша жинайды. Бұл - Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесі. Жиған-тергенін бағалы қағазға инвестиция ретінде құюшылар қатары ай сайын артуда. 5 айда  4 процент көбейген. Осы және өзге де ақпараттар  "Экономика" топтамасында. 

Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен сүндет Оралбек.

Қазір қаржыны көп тапқанның емес, ақшасын ақылмен жұмсап, артылғанын жинайтындардың көші ілгерілейтін заман. Дегенмен, табысын болашаққа деп сақтайтындар кемде кем. Елімізде 3 адамның екеуінде жинаған ақшасы жоқ. Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың тек 22 процентінің қаржы қоры бар. Олардың үштен екісі тапқанын депозитке салады. Бағалы қағаздарға инвестиция құйған респонденттердің үлесі ай сайын өсіп жатыр. Көрсеткіш қаңтарда 7 пайыз болса, мамырда 11 проценттен асқан. Ақшасын жылжымайтын мүлікке салатындар керісінше азайып жатыр. Былтыр көрсеткіш 31 процент болса, биыл мамырда 19 пайызға төмендеді. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі қаржысын қолма-қол жинайтынын айтқан. Басым бөлігі теңгемен сақтайды. Сондай-ақ, доллармен жинайтындар да жетерлік.  

15 күн тер төгесің, 15 күн демаласың. Елімізде вахталық жұмысқа сұраныс артып жатыр. Бейнеті ауыр демесең төлейтін қаржысы көңілден шығады. Бүгінде салада бос жұмыс орны жетерлік. Қарағанды, Алматы, Астана қалаларында қызметкерлерге сұраныс жоғары. Ал жалақысы 300 мың теңгенің төңірегінде. Вакансиялардың ішінде машинист, жүргізуші, дәнекерлеуші, сантехник, аспазшы мамандықтарының үлесі көп.      

Биыл 1 тоқсанда еліміздің жалпы ішкі өнімі 6 процент өсті. Әсіресе өнеркәсіп өндірісінде қарқын жоғары. 17 өңір ілгері жылжыды. Атап айтқанда, кен өндіру, тыңайтқыштар, цемент пен қант шығару саласында 22,9 процент көрсеткішпен Жамбыл облысы алға шықты. Түркістан, Жетісу облыстарының да нәтижесі жаман емес. Ал ауыл шаруашылығындағы өсім 4 процент болды. Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары көш бастады. Құрылыс саласы ең жоғары көрсеткішке жетті. 3 айда 15 пайыз өсім көрсетті. Маңғыстау облысында мектептер, су тұщыту зауыты, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты. Сондай-ақ, сауда айналымы 7,8 процент, Байланыс және телекомуникация саласы 2,8, көлік 23,1 пайыздық өсім көрсетті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,2 процент артты. 

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін  510 теңгеден саудалануда. Еуро 588, Ресей рублі 6,44 теңге болды. 

 Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!