Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды
Заңмен Жер, Орман, Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ 14 заңға түзетулер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді қабылданған және қол қоюға ұсынылған «Аквашаруашылық туралы» Заңға сәйкес келтіруге бағытталған.
Жер кодексіне енгізілген түзетулермен аквашаруашылықты жүргізу үшін су қоры жерлерінің құрамынан жер учаскелерін беру мүмкіндігі белгіленді.
Бұл ретте аквашаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскелерін беру үшін конкурстық өтінімге қойылатын талаптар регламенттелген.
Орман кодексіне енгізілген түзетулермен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде балық өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленді.
Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған лимиттер мен квоталарды белгілеуге қойылатын талаптар қайта қаралды.
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының жаңа нысандарымен толықтырылды.
Түзетулердің екінші блогы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылдың 3 қаңтарындағы № 429 Жарлығын іске асыруға бағытталған, соған сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген. Осыған байланысты аталған мемлекеттік органдар арасында функциялар Заңмен қайта бөлінді.