$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Кәсіпкерден ақша талап еткен блогерге үкім шықты

AstanaTV
12.06.2025ж. 21:21
127
Кәсіпкерден ақша талап еткен блогерге үкім шықты

Жетісу облысы Қаратал аудандық сотында аса ірі көлемде ақша бопсалауға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады, - деп жазды KAZINFORM.

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айында Қаратал ауданының тұрғыны Дмитрий Перлов қылмыстық ниетпен кәсіпкер К.-дан 10 млн теңге талап еткен. Ол өзінің Instagram желісіндегі «ZohanTV» парақшасында (29 мыңнан астам оқырманы бар) Каратал ауданындағы құрылыс сапасына қатысты жарияланған бейнематериалдарды өшіру үшін ақша сұраған. Сондай-ақ кәсіпкердің іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін басқа да материалдарды таратамын деп қорқытқан.

Ақша беру сәтінде Дмитрий Перлов құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ұсталған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші прокурор ұсынған жазаға келісіп, сонымен қатар моральдық және материалдық шығынды өндіру жөнінде азаматтық талап қойған. Қорғаушы тарап өз кезегінде айыпталушының кінәсіз екенін мәлімдеп, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сондай-ақ сотталушы өз кінәсін мойындамады.

– Сот отырысында жәбірленуші мен куәлардың айғақтары және басқа да қылмыстық іс материалдары негізінде сотталушының кінәсі дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот істің мән-жайларын, қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын және оның құқық бұзушылыққа дейінгі және кейінгі мінез-құлқын ескерді. Жаза мен жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған балаларының барын назарға алды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ, - делінген хабарламада. 

Сот үкімімен Дмитрий Перлов Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот азаматтық талапты ішінара қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына 350 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.