Алматыда бір топ ер адам көшеде төбелескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода үш ер адамның жерде жатқанын, ал басқалардың оларды ұрып-соққанын көруге болады. Тағы біреулері төбелескендерді ажыратуға тырысып жүр.
Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде мас күйдегі ер адамдар арасындағы төбелес бейнеленген видео тарауда. Полиция басқармасы бұл жағдайға жедел әрекет етті, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталып, полицияға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Төбелеске шағымданып, ешкім полицияға хабар бермеген.
«Алайда, қоғамдық тәртіптің бұзылғанын анықтаған «Боран-142» және «Боран-137» патрульдік экипаждары жағдайды дер кезінде тоқтатты. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық қатысушыларының әрекеттері зерттелуде. Әрқайсысына ҚР заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп толықтырды департамент өкілдері.
Алматы полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда және тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп ережелерін құрметтеуге шақырады.