$511.92 €588.91 ₽6.44
×

Мемлекет футболға талап қойды: ақшасыз қалмас үшін не істеу керек?

AstanaTV
14.06.2025ж. 07:27
102
Мемлекет футболға талап қойды: ақшасыз қалмас үшін не істеу керек?
depositphotos.com

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі еліміздегі футбол клубтары мемлекеттік бюджеттен қаржы алуы үшін бірнеше шартты орындауы керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Агенттік мәліметінше, елімізде кәсіби спортты қаржыландыруға жалпы 53,8 миллиард теңге бөлінеді. Президенттің тапсырмасын орындау аясында бұл сома 6,7 миллиард теңгеге қысқартылған. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңге негізсіз өткізілген спорттық іс-шаралар мен жалақы үстемелеріне жұмсалған шығын ретінде бюджетке қайтарылған. Ал 11 спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді.

"Кәсіби клубтар өз инфрақұрылымын салудың орнына қаржыны басшылықтың жалақысын көбейтуге, шетелдік ойыншыларға төлем жасауға, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсаған. Талдау қорытындысы бойынша спортты дамытудың басым бағыттарын қайта қарау, оқу-жаттығу жиындарын бақылауды күшейту, кәсіби клубтар мен федерациялардың бюджеттерін қысқарту, қаржыландыруды орталықтандыру және цифрландыруды енгізу жөнінде 50-ден астам ұсыныс жасалды", – делінген Антикор мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, футбол клубтары бюджеттен қаржы алуы үшін бірнеше нақты талапты орындауы қажет екені айтылды.

"Кәсіби футбол клубтарына мемлекеттен қаржыландыру алу үшін балалар-жасөспірімдер және жастар футболы бойынша жеке бөлімшелердің, жасөспірімдер командаларының, жаттығу өткізуге арналған стадиондар мен спорттық нысандардың болуы міндеттеледі. Оқу-жаттығу жиындарына бақылау күшейтіліп, өткізу лимиті белгіленді", – делінген агенттік хабарламасында.

Еске салайық, өткен жылы Антикор тексеріс жүргізіп, алты жыл ішінде елордадағы төрт команда – "Астана" футбол клубы, "Барыс" хоккей клубы, Astana Qazaqstan Team велокомандасы және "Астана" баскетбол клубы үшін 138 миллиард теңге жұмсалғанын хабарлаған еді. Алайда бұл шығындар төмен нәтижелерге байланысты тиімсіз деп танылған.

2025 жылдың сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойып, оған сәйкес шетелдік спортшыларға мемлекеттік және квазимемлекеттік бюджеттен жалақы төлеуге тыйым салынды.

Осы өзгерістердің аясында Қазақстан чемпионатында шетелдік хоккейшілерге лимит енгізіліп, "Астана" баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасынан бас тартты.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қазақстандық футболдағы миллиардтаған қаржының ұрланғанын мәлімдеген болатын.