2024 жылғы 12 маусымда Шымкент қаласында полиция қызметкерлері агрессивті жүргізу белгілерін көрсеткен Daewoo Nexia автокөлігін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл құқықбұзушылық жасанды интеллект технологиясына негізделген цифрлық жүйе арқылы тіркелді. Аталған жүйе жолдағы қауіпті мінез-құлықты анықтауға мүмкіндік береді.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына бағынбаған. Кейінірек ол тоқтағандай кейіп танытып, полиция қызметкерлері тексеру үшін жақындаған кезде, кенеттен көлігін жүргізіп кетеді.
Полиция қызметкерлерінің бірі тәртіп бұзушыны тоқтатуға тырысып жатқанда көліктің капотына шығып қалған. Соған қарамастан, жүргізуші жылдамдықты асырған күйде қозғалысын жалғастырып, полиция қызметкерінің өмірін өлім қатеріне тіккен. Тек осыдан кейін ғана тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, күдіктіні ұстады.
"Билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. “Заң және тәртіп” қағидасын жүзеге асыру аясында полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына жасалған кез келген қастандық үшін жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етіледі. Мұндай әрекеттер қауіпті қылмыстар ретінде бағаланып, тиісті құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады полиция.